Воскресенье, 4 октября, 2026
22.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында энергетикалық әлеуетті көтеру, тұрғындар мен кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл саладағы тұрақтылық пен тиімділікті қамтамасыз ету үшін электр, су және газға жауапты компаниялар мен мекемелердің бәсекеге қабілетті болуы айрықша маңызды. Энергетика – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тетіктерінің бірі болғандықтан, оған инвестиция тарту, жүйелерді жаңғырту және халықтың қажеттілігін толық өтеу мәселесі тұрақты назарда.

Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС басшылығымен кездесу өткізіп, алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық пен инвестициялық жобаларды талқылады. Жиында өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар мен міндеттер айтылды.

Әкім өз сөзінде энергетикалық жүйелердің үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуі тұрғындардың күнделікті өмір сапасына, кәсіпорындардың өндірістік әлеуетіне және жалпы облыстың экономикалық дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
– Облыста энергетикалық құрылымдар үздіксіз жұмыс істеп тұруы керек. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-мен бірлесіп, облыс аумағындағы апатты жағдайда электр қуаты жиі сөнетін нүктелердің картасын әзірлеп, бақылауға алыңыздар. 2025–2026 жылыту маусымында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде электр жарығының тұрақты берілуін қамтамасыз етуді, арнайы жобалар аясында жөндеуді және жаңартуды қажет ететін нысандарды толық тізімге енгізуді тапсырамын. Өңірде ашылатын зауыттар мен кәсіпорындарды электр қуатымен қамту мәселесі де тұрақты бақылауда болады, – деді Нұралхан Көшеров.

Сонымен қатар, әкім жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты электр энергиясына деген сұраныстың артып отырғанына тоқталды. Осыған орай, энергетикалық инфрақұрылымды уақтылы жаңғырту мен кеңейту маңызды екені атап өтілді. Өңірде салынатын зауыттар мен шағын өндіріс орындарының табысты жұмыс істеуі – электр қуатының үздіксіз әрі сапалы берілуіне тікелей тәуелді.

Мәжілісте «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС өкілдері өздерінің атқарып жатқан жұмыстары мен болашақ жоспарларын баяндады. Компания өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары инвестициялық жобалар аясында аймақтың энергетикалық жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Жыл сайын ескі желілерді ауыстыру, трансформаторларды жаңарту, апатты жағдайлардың алдын алу бағытында қомақты қаржы салынуда. Сонымен қатар, жаңа технологияларды енгізу арқылы электр қуатын тиімді тарату мен шығынды азайтуға мүмкіндік берілуде.

Бүгінгі таңда облыстағы энергетикалық жүйенің басты мәселелерінің бірі – кейбір аудандарда электр қуатының жиі үзілуі. Бұл тұрғыда арнайы карта әзірленіп, апатты нүктелер анықталып жатыр. Мұндай шаралар тұрғындардың шағымдарын азайтып қана қоймай, энергетикалық инфрақұрылымды реттеуге және ұзақ мерзімді сенімділікке қол жеткізуге септігін тигізеді.

Энергетикалық тұрақтылық – тек тұрғындардың жайлылығы ғана емес, өңірдің инвестициялық тартымдылығы үшін де шешуші фактор. Өйткені, инвесторлар үшін инфрақұрылымның дамуы, оның ішінде электр қуатының қолжетімділігі мен сенімділігі басты шарттардың бірі. Түркістан облысы бұл бағытта ауқымды қадамдар жасап отыр. Жаңғырту жобалары іске асқан сайын өңірде кәсіпкерлік белсенділік те артып келеді.

Кездесу соңында облыс әкімі жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, барлық жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын айтты. Энергетикалық жүйені дамытуға бағытталған жобалардың табысты жүзеге асуы – облыстың алдағы қысқы маусымға дайындық деңгейін айқындайды.

Жалпы, Түркістан облысы энергетикалық әлеуетті арттыру арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуды, кәсіпорындардың жұмысын тұрақты жүргізуді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар