Суббота, 3 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТӨРТІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БЮДЖЕТ – АУЫЛДЫ ДАМЫТУДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалардың негізгі бағыттарының бірі – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру және ауылдық аумақтардың қаржылық дербестігін арттыру. Осы мақсатта енгізілген төртінші деңгейдегі бюджет жүйесі ауылдық округтердің экономикалық мүмкіндігін кеңейтіп, жергілікті мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге жол ашуда.

Осы орайда AMANAT партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің кезекті жұмыс жиыны өтіп, онда төртінші деңгейдегі бюджетті енгізу және дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Кеңес отырысы партияның өңірлік дамуды қолдау, ауылдардың әлеуетін арттыру және жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін күшейту бағытындағы жүйелі жұмыстарының жалғасы болды.

Жұмыс жиынына кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев жетекшілік етті. Сонымен қатар жиынға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Экология, Қаржы вице-министрлері, Мәжіліс депутаттары мен кеңес мүшелері қатысты.

Жиынға бейнебайланыс режимінде еліміздің барлық өңірлеріндегі партия филиалдары қосылып, жергілікті өзін-өзі басқару саласында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есептер тыңдалды. Түркістан облыстық партия филиалы тарапынан жұмыс жиынына өңірлік филиал төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар, облыстық мәслихат депутаты әрі Өңірлік даму кеңесінің төрағасы Еркебұлан Хандиллаев және партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.

Кеңесте қаралған негізгі мәселе – төртінші деңгейдегі бюджеттің тиімділігін арттыру және ауылдық округтердің қаржылық дербестігін күшейту болды. Бүгінде бұл жүйе ауыл әкімдерінің нақты мәселелерді дер кезінде шешуіне, жергілікті тұрғындардың қажеттіліктеріне жедел жауап беруіне және ауылдық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың мәліметінше, қазіргі таңда республика бойынша 2338 ауылдық округ дербес бюджетке ие. Жалпы бюджет көлемі 442,3 миллиард теңгеге жетсе, оның ішінде 147 миллиард теңгесі ауылдардың өзіндік кірістерінен қалыптасқан. Бұл – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігінің нақты көрінісі.

Сонымен қатар ауылдық округтердің орташа бюджет көлемі 2025 жылы 189 миллион теңгені құрап отырғаны айтылды. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 33,2 пайызға жеткен. Яғни ауыл бюджетіне түсетін әрбір үшінші теңге жергілікті аумақтардың өз кірісі есебінен қалыптасуда. Бұл көрсеткіш ауылдық елді мекендердің экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Кеңес барысында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шығыс бағыттарына ерекше назар аударылды. Бүгінде төртінші деңгейдегі бюджет аясында ауылдарды көркейту, көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, санитарлық тазалықты сақтау және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.

Ауылдардың бюджетін нығайту мақсатында мүлік салықтарын, лицензиялық алымдарды және экологиялық айыппұлдарды төртінші деңгейдегі бюджетке бағыттау мәселелері де қарастырылды. Мұндай бастамалар ауылдық округтердің қаржылық мүмкіндігін арттырып, жергілікті мәселелерді шешуге қосымша мүмкіндік береді.

Жиында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңызды бағыты жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес партия ауылдық округтердің қаржылық және әкімшілік дербестігін күшейтуге ерекше басымдық беріп келеді.

Сонымен қатар партия бастамасымен ұйымдастырылған ауыл әкімдерінің диалог алаңдары өңірлердің даму теңгерімін сақтауға және жергілікті бюджеттердің тиімділігін арттыруға ықпал етіп отырғаны айтылды. Ауыл әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Әкімдер мектебі» жобасының да тиімділігі жоғары бағаланды.

Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, ауылдардың әлеуетін арттыру – ел экономикасын нығайтудың маңызды тетігі. Себебі ауылдың дамуы – өңірлердің дамуы, ал өңірлердің дамуы – тұтас мемлекеттің дамуының кепілі.

Жұмыс жиынында Ақтөбе, Жетісу, Қызылорда және Павлодар облыстары әкімдерінің орынбасарлары өңірлерде төртінші деңгейдегі бюджетті енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар бюджетті нығайтуға қатысты практикалық ұсыныстар ортаға салынды.

Мәжілісте Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун да баяндама жасап, мемлекеттік басқаруды цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, елімізде мемлекеттік органдардың 300-ге жуық ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.

Министрліктің бастамасымен іске қосылған SMART CITY порталы бүгінде өңірлердегі 20 ІТ-хабтың жұмысын үйлестіріп, жергілікті атқарушы органдардың цифрлық мүмкіндігін арттыруға ықпал етуде. Бұл жүйе тұрғындармен жұмыс жүргізу, қаржыны басқару, мемлекеттік сатып алулар, әлеуметтік қорғау, жер ресурстарын басқару және кадастр мәселелерін қамтиды.

Кеңесте экологиялық төлемдердің, корпоративтік салықтардың және кедендік баж түсімдерінің бір бөлігін жергілікті бюджетте қалдыру мәселесі де көтерілді. Сонымен қатар ауылдық округтерді тәжірибелі мамандармен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметке орналасу талаптарын жеңілдету жөнінде ұсыныстар айтылды.

Жиын барысында «Ауыл аманаты» және «Дипломмен ауылға» бағдарламаларын тікелей ауыл әкімдері арқылы қаржыландыру мәселесі де талқыланды. Бұл бастамалар ауыл әкімдерінің жауапкершілігін арттырып, жергілікті жердегі мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді деген пікір айтылды.

Атап өту қажет, Түркістан облысында төртінші деңгейдегі бюджет жүйесі кезең-кезеңімен тиімді енгізіліп келеді. Бүгінде облыстағы 181 әкімшілік-аумақтық бірлікте, оның ішінде 4 аудандық маңызы бар қалада және 177 ауылдық округте дербес бюджет енгізілген.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық округтер бюджетінің кірістер жоспары 31,4 миллиард теңге болса, нақты түсім көлемі 33,3 миллиард теңгені құрап, жоспар 106 пайызға орындалған. Бұл – өңірдегі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.

Кірістердің басым бөлігі салық түсімдері есебінен қалыптасқан. Салық түсімдерінің көлемі 17,2 миллиард теңгеге жетіп, жоспар 109,4 пайызға артығымен орындалған. Бұл ауылдық округтердің экономикалық белсенділігінің артып келе жатқанын аңғартады.

Бүгінде төртінші деңгейдегі бюджет ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды құралға айналып отыр. Жергілікті тұрғындардың қажеттілігіне қарай қаржы жұмсау мүмкіндігі ауылдардағы инфрақұрылым сапасын арттырып, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етуде.

Жалпы, «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңесте көтерілген мәселелер ауылдарды дамыту, өңірлердің экономикалық дербестігін арттыру және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болды.

Ауылдардың қаржылық дербестігін күшейту, жергілікті басқару тиімділігін арттыру және тұрғындардың мемлекеттік басқаруға деген сенімін нығайту – еліміздегі саяси реформалардың басты бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда төртінші деңгейдегі бюджет жүйесі ауыл үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өңірлердің тұрақты дамуына негіз қалауда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар