Қазақстанда азаматтық қоғам институттарын дамыту, қоғамдық келісімді нығайту және этносаралық татулықты сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл мақсаттарды жүзеге асыруда этномәдени бірлестіктер мен «Қоғамдық келісім» мекемелері маңызды рөл атқарып, қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған түрлі мәдени-ағартушылық іс-шараларды тұрақты ұйымдастырып келеді.

Осындай тағылымды шаралардың бірі Төлеби ауданында өтті. Бірінші мамыр ауылдық мәдениет үйі мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Төлеби аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ауыл кеші – көңілді» мерекелік концерті аясында «Бірлік бар жерде – тірлік бар» атты мәдени кеш өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, ауыл тұрғындары арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ ортақ ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Кешке аудандық мәдениет үйінің басшылығы, жергілікті атқарушы орган өкілдері, Төлеби аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ мамандары, ауыл ақсақалдары, аналар, жастар және тұрғындар қатысты.
Мерекелік бағдарлама барысында әртүрлі этнос өкілдері ұлттық әндер орындап, би қойылымдарын ұсынып, өз мәдениеттерінің ерекшеліктерін таныстырды. Мұндай іс-шаралар түрлі этностардың мәдениетін құрметтеуге, өзара түсіністік пен достықты нығайтуға және ортақ қоғамдық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде этномәдени бірлестіктер мен «Қоғамдық келісім» мекемелері қоғамдық келісімді сақтауға, мәдени әртүрлілікті қолдауға және азаматтық қоғам институттарын дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Олар мемлекеттік органдармен және жергілікті қауымдастықтармен бірлесе отырып, тұрғындардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және бірлік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда.
Төлеби ауданында өткен «Бірлік бар жерде – тірлік бар» мәдени кеші – қоғамдық келісімнің нақты көрінісі. Осындай бастамалар қоғамдағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтып, Қазақстандағы бейбітшілік пен татулық қағидаттарының өңірлерде табысты жүзеге асып жатқанын айқын көрсетеді.




