«Қазақстан халқына» қоры «Денсаулық жолы» жобасы аясында Түркістан өңіріне 2 жылжымалы медициналық кешенді тарту етті. Жылжымалы медициналық кешендердің таныстырылымы «Қазақстан халқына – 2026» V Ұлттық қайырымдылық конференциясы аясында өтті.
Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысып, өңір тұрғындары мен медицина саласы өкілдерін құттықтады. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған қордың Түркістан облысына тұрақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті.
– Бүгін Түркістан облысының денсаулық сақтау саласы үшін маңызды оқиғаға куә болып отырмыз. Өңірімізге екі су жаңа жылжымалы медициналық кешен табысталды. Енді тұрғындарымызға әрбір тексеру үшін облыс орталығына немесе ірі қалаларға барудың қажеті азаяды. Медицина халыққа жақындай түседі, ал сапалы диагностика қолжетімді болады. Ауруды ерте анықтау – ем нәтижесін жақсартып, адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Оларды сатып алуға көрсеткен қолдауы үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ерекше алғысымызды білдіреміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың денсаулығын қорғауға айрықша мән беріп келеді. Бүгінгі іс-шара – осы саясаттың нақты іске асуының бір көрінісі, – деді Нұралхан Көшеров.
Салтанатты іс-шарада медицина мекемелеріне көліктегі жылжымалы кешендердің кілттері тапсырылды.
Бұл жобаның жалпы бюджеті 1,1 млрд теңгені құрайды. Оның негізгі мақсаты – шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындар үшін онкологиялық скрининг пен профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыру. Техникалардың мүмкіндіктері өте жоғары. Бірінші кешен заманауи компьютерлік томография (КТ) аппаратымен толық жабдықталған. Екінші кешен маммографиялық және эксперттік санаттағы ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараттарымен қамтамасыз етілген. Заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер шалғай ауыл тұрғындарының облыс орталығына бармай-ақ, қажетті медициналық тексерулерден өтуіне жағдай жасайды. Сонымен бірге өңірдегі профилактикалық медициналық көмекті күшейтіп, ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін арттыруға тың серпін береді.
Медициналық кешендерді тапсырғаннан кейін облыс әкімі мен «Қазақстан халқына» қорының басшылығы «Конгрес-холл» кешенінде ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Көрмеде аталған қордың қолдауымен жүзеге асырылған жобалар таныстырылды.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 25 жоба жүзеге асырылды. Өңірдегі әлеуметтік жобаларға 20 млрд 375 млн теңгеден астам қаражат бағытталған.




