Түркістандағы «Конгресс-холл» кешенінде «Адамға инвестиция: адами капиталды дамыту жолындағы қайырымдылық» тақырыбында «Қазақстан халқына – 2026» V Ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті. Ауқымды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесі мен Басқарма мүшелері, мемлекеттік органдардың, серіктес ұйымдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, демеушілер және еліміздің 20 өңірінен қор жобалары аясында қолдау алған ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қатысушыларға алдымен «Жасампаз ұрпақ», «Мәдени даму алаңы», «Ауыл мектебі», G2B маркетплейсі және қордың басқа да жобаларының интерактивті таныстырылымдары ұсынылды.
Конференцияда Түркістан облысының әкімі «Қазақстан халқына» қорының өңірдегі қолдауына алғысын білдірді.
– Ұлт рухы ұлықталған, елдік пен ізгіліктің алтын бесігі болған қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер! «Қазақстан халқына – 2026» бесінші Ұлттық қайырымдылық конференциясының өңірімізде өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Халқымыз қиындық көрген жанға қол ұшын беріп, ортақ іске жұмыла білген. Бүгінгі басқосу осы дәстүрді жалғастырып, адамның өмірін жақсартуға, қабілетін ашуға арналған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан халқына» қорына қолдау көрсетуді Жаңа Қазақстанның маңызды бастамасы деп атап өтті. Қор алғашқы күннен бастап еліміздегі шынайы қамқорлықтың, жанашырлық пен мызғымас бірліктің символы болып қалыптасты. Қолдау ең алдымен әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуға, халықтың денсаулығына, спортпен шұғылдануына және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті арттыруға бағытталды. Қордың біздің өңірге де көрсетіп келе жатқан қолдауы өлшеусіз. Өйткені Түркістан облысы демографиялық өсім мен халық саны ең көп стратегиялық аймақ. 2022 жылдан бері өңірімізде қор қолдауымен жүзеге асқан және іске асырылып жатқан жобалардың жалпы құны 20,3 млрд теңгені құрайды. Осынау ауқымды қамқорлығы үшін облыс халқының атынан Қордың Қамқоршылық кеңесіне, Ләззат Алтынбекқызы бастаған ұжымына, демеушілер мен серіктестерге шынайы алғысымды білдіремін. Дер кезінде көрсетілген қолдау адамның өзіне деген сенімін нығайтып, өміріне жаңа мүмкіндік әкеледі. Бүгін көмек алған жан ертең өзгеге қамқор болып, ел игілігіне үлес қосса, ортақ еңбегіміздің ең үлкен жемісі сол болады. Бүгінгі бас қосу елге пайдасы тиетін игі бастамаларға жол ашсын! Конференция жұмысы жемісті болсын! – деген Нұралхан Көшеров қор басшылығы мен Қамқоршылық кеңесі өкілдеріне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Бұдан кейін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Ләззат Шыңғысбаева сөз сөйлеп, қордың жұмыстары мен жоспарларын баяндады. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан тиімді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтіп, қолдау жалғасатынын жеткізді.
Қор төрағасы мен Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Бану Нұрғазиева өңір басшысы Нұралхан Көшеровке алғыс айтып, «Қазақстан халқына» қоры атынан арнайы стеланы табыстады.
Жиында «Қазақстан халқына» қоры мен Түркістан облысының әкімдігі арасында «Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында төрт даму орталығын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Жаңа орталықтар Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында ашылады. Ғимараттарды облыс әкімдігі салса, орталықтарды арнайы оқу жабдықтарымен «Қазақстан халқына» қоры жасақтайды.
Конференцияның мазмұндық бөлімі «Мүмкіндіктерге жол ашатын оқиғалар» және «Адамды өзгертетін оқиғалар» бағыттары бойынша өтті. Сонымен бірге «Жақсылық жалғасады» республикалық бейнероликтер байқауының жеңімпаздары анықталып, 9 номинация бойынша 23 жеңімпазға сертификат табыстады. Сондай-ақ «Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында Түркістан облысының 115 педагогіне арналған оқыту семинары өткізілді. Конференция соңында «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің көшпелі отырысы өтіп, өңірлердегі жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 25 жоба жүзеге асырылды. Өңірдегі әлеуметтік жобаларға 20 млрд 375 млн теңгеден астам қаражат бағытталды. Денсаулық сақтау саласында жалпы құны 5,5 млрд теңге болатын 9 жоба жүзеге асырылды. Жобалар балалар нейрохирургиясын дамыту, сирек кездесетін аурулары бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, офтальмологиялық көмек көрсету, ретинопатияны диагностикалау және емдеу, трансплантациялық қызметті дамыту, ерте араласу орталықтарын жабдықтау және онкологиялық аурулары бар азаматтарға медициналық көмек көрсету бағыттарын қамтыды.
Білім беру саласында 9 жобаға 13 млрд 74 млн теңге бағытталды. Оның ішінде ауыл мектептерін заманауи пән кабинеттерімен, робототехника және STEM-зертханаларымен жабдықтау, арнайы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, білім гранттарын бөлу және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары бар. Қор қолдауымен 16 ауыл мектебіне заманауи жабдықтар беріліп, 12 мектеп робототехника кешендерімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі 3 мыңнан астам оқушының жазғы демалысы ұйымдастырылды.
Әлеуметтік қолдау бағытында 3 жобаға 546,5 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қаражат ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастарды оңалтуға, протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етуге және арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталды.
Спорт саласында 3 жобаға 870,8 млн теңгеден астам қаражат бағытталды. 21 спорт мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, спорт инфрақұрылымы жеткіліксіз ауылдық елді мекенде 2 спорт залының құрылысы жүзеге асырылды. Мәдениет саласында «QH Мәдени даму алаңы» жобасына 381,8 млн теңге бағытталды.




