
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қаратау ауданы аумағында да тазалық іс-шаралары өтуде. Бүгін Тұран-2 шағынауданының Омбы және №7 көше бойында тазалық жұмыстары атқарылды. Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов бұл жұмыстар тұрақты ұйымдастырылып жатқанын айтады.
– Тұран-2 шағынауданының жаңақұрылыс аумағында көпқабатты үйлер, жеке үйлер салынып жатыр. Өздеріңіз көргендей, жолдың бойында құрылыс және тұрмыстық қатты қалдықтар бар. Бүгінгі акция барысында көше бойын осы қалдықтардан тазартып жатырмыз. Жалпы 100-ден астам жұмысшы және қосымша 9 техника тартылды, – дейі аудан әкімінің орынбасары.
Бұл шара тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, және қаланың тазалығын сақтауға бағытталған. Акция барысында еріктілер, жергілікті тұрғындар, сондай-ақ аудан қызметкерлері қатысып, қоғамдық орындарды, көшелерді, саябақтарды және басқа да аумақтарды тазалау жұмыстарын атқарды.
«Жасыл жер» мекемесінің қызметкерлері ирригациялық арықтарды, аяқжолдарды ретке келтірді. Сондай-ақ, аудан аумағында бүгін Шаяхметов, Назарбеков көшесінде де санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары бір күнмен шектелмей, бүкіл қаламыз бойынша тұрақты түрде жалғасып келеді.




