
Үшінші мегаполисте жастар арасында шағын футбол бәсекесін өткізу дәстүрге айналған. Қылмыстық жазасын өтеген жастарды оңалту және бейімдеу мақсатында «Жаңа өмір» жобасы аясында шағын футболдан турнирі өтті. Сайысты қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «Қорған-М» қоғамдық бірлестігі жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Айта кетейік, іс-шараның мақсаты – қылмыстық жазасын өтеген жастарды оңалту және бейімдеу, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын, бұқаралық спортты насихаттау.
Аталған сайысқа 10 команда қатысып, жеңімпаздар анықталды.Дүбірлі доданың жеңімпазы мен жүлдегер командаларына қаржылай сыйлықтармен, дипломдармен табысталды. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастармен жұмыс жүргізу және отбасы құндылықтарын насихаттау бөлімінің басшысы Ақбота Оспанның айтуынша, турнир одан әрі де жалғасын таппақ.
Айта кетейік, шаһарда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жастарды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Басқарманың мәліметінше, қалада пробациялық есепте 35 жасқа толмаған 1098 жас бар. Олардың арасында жыл басынан бері жұмысқа орналасқандардың саны – 112, ресми түрде жұмыс жасайтындары – 843, өзін-өзі жұмыспен қамтыған – 340, жұмыссыздар саны – 41 адам.
Қолдау жобасы аясында қайта қылмыстың алдын-алу, қаржылық сауаттылығын арттыру, отбасы құндылығын дәріптеу, психологиялық қолдау көрсету бағытында білікті мамандардың қатысуымен психологиялық-консультациялық 20 курстық кездесу өткізіліп, 500 жасқа қолдау көрсетілген.
Сонымен қатар, әлеуметтік бейімделу, кәсіптік дағдыларды дамыту және кәсіпкерлік негіздері бойынша 10 семинар-тренинг ұйымдастырылды.




