
🔷 Биылғы жылдың 10 айында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Осы кезеңде қала экономикасының өсімі 12%-ды құрап, бюджет көлемі 779 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 123 млрд теңгеге көп.
🔷 Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі есеп беру кездесуінде мәлімдеді. Мегаполис басшысы атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар туралы баяндады.
🔷 «Президент Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 1,5 есе және еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойды. Осы бағытта биыл 16 жобаның 12-сі іске асырылды. Олардың жалпы құны – 78,2 млрд теңге. 67,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, «Coca-Cola İçecek (CCI)» зауыты іске қосылып, 100 тұрақты жұмыс орны құрылды, сондай-ақ «Wan Sheng Ceramic» керамикалық плиталар шығаратын кәсіпорын ашылып, 350 адам жұмыспен қамтылды», – деді Ғ. Сыздықбеков.
🔷 Сонымен қатар, өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында жалпы аумағы 438 гектарды алатын екі жаңа индустриялық аймақ іске қосылды. Олардың қатарында:
🔷 «Жұлдыз» индустриялық аймағы, мұнда құны шамамен 166 млрд теңге болатын 46 ірі заманауи кәсіпорын шоғырланады;
🔷 «Бозарық» азық-түлік өнеркәсібі индустриялық аймағы, мұнда құны 44 млрд теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
🔷 Бұл жобалар Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қала экономикасының дамуына жаңа серпін береді. Сонымен қатар, инвесторлар үшін тартымды жағдай жасап, халықты жұмыспен қамту деңгейін айтарлықтай жақсартады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі




