
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Empowerment through Self-Defense» (ESD) әдістемесі бойынша өзін-өзі қорғау тренингі өтіп жатыр. Іс-шараны БҰҰ-әйелдері құрылымы және Гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия альянсы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» науқаны аясында ұйымдастырды.
ESD (Өзін-өзі қорғау) әдістемесі – әйелдерге арналған әлеуметтік қолдау жобасы. Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік акция 25 қарашада Қызылорда қаласынан басталған болатын. Бүгін Шымкент қаласында жалғасын тапты. ESD (Өзін-өзі қорғау) әдістемесі бойынша инструктор Ләйлә Исламованың айтуынша, аталған тренинг әйелдердің өзіне деген сенімділігін арттыру, өз-өзін қорғай білуі, зорлық-зомбылық кезінде төтеп беру, психологиялық, дағдыларын үйретуді көздейді.
Дәстүрлі акция биыл 25 қараша мен 13 желтоқсан аралығына жоспарланған. Шымкент қаласында 27-28 қараша күндері өтеді. Тренингке қала тұрғындары, ҮЕҰ өкілдері, студенттер қатысуда. Ұйымдастырушылар әйелдерді, қыз-келіншектерді осы іс-шараға белсене қатысуға шақырады.




