
«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында мемлекеттік мектептерде білім алатын 56 мыңға жуық оқушыға, сондай-ақ биылғы жылдан бастап жекеменшік мектеп оқушыларына да жаңа оқу жылына дайындық мақсатында көмек көрсету жоспарланған.
Көмек келесі санаттағы отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі:
- атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылар;
- жан басына шаққан табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар;
- жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- төтенше жағдайлардан зардап шеккен немесе шұғыл жәрдемді қажет ететін отбасылардың балалары;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе қиын жағдайға тап болған отбасылар.
Оқу қорынан қарастырылған материалдық көмек мөлшері — 46 500 теңге. Аталған қаражат тікелей оқушының мектеп формасы мен аяқ киіміне, оқу құралдарына (дәптер, қалам, сөмке т.б.) және спорттық киімдеріне жұмсалуы тиіс. Ата-аналар немесе заңды өкілдер мектепке тиісті құжаттарды тапсыру арқылы көмекке өтініш бере алады.
Биылғы «Мектепке жол» акциясының ерекшелігі – жекеменшік мектеп оқушыларының да қамтылуы әлеуметтік қолдаудың ауқымын кеңейтіп, көмекке мұқтаж отбасылардың барынша қамтылуына мүмкіндік береді. Қайырымдылық шарасының ұйымдастырушылары білім алуға тең мүмкіндік беру – балалардың сапалы білім алуына және әлеуметтік бейімделуіне ықпал ететін маңызды қадам екенін атап өтті. Сонымен қатар, көмек көрсету процесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы бақылау тетіктері енгізілмек. Бұл – бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалап, ата-аналар мен қоғам тарапынан сенімді арттырады. Акция аясында өңірлерде түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар, қайырымдылық жәрмеңкелері және демеушілердің қатысуымен қосымша қолдау акциялары да өтеді.




