Четверг, 1 октября, 2026
15.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабындағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен қалалық прокуратураның бірлескен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында салалық басқармалар, аудан әкімдігі, полиция және прокуратура өкілдері қала тұрғындарына көшпелі қабылдау өткізді.

Жәрмеңкеде 20-дан астам жұмыс беруші мен Еңбек мобильділігі орталығының мамандары Enbek.kz порталындағы 2 мыңнан астам тұрақты және субсидияланатын уақытша бос жұмыс орындарын ұсынды.

Арнайы кеңес беру бұрышында Мансап орталығының мамандары жұмыспен қамту шаралары — кәсіптік оқыту, қайтарымсыз гранттар, солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару, мемлекеттік бағдарламалар арқылы уақытша жұмысқа орналастыру және Enbek.kz порталының мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Жәрмеңке аясында жұмысқа жолдама алған тұрғындардың бірі — Бақтияр Сейдуллаев. Ұзақ уақыттан бері жұмыс іздеп жүрген ол осы іс-шара барысында көңілінен шыққан жұмыс орнын тапқанын айтып, ризашылығын білдірді.

-Жәрмеңке туралы әлеуметтік желідегі хабарлама арқылы біліп келдім. Қазір “ЮГ Plastik.kz” ЖШС-не жұмысқа жолдама алдым. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, — дейді ол.

Сондай-ақ “Жастар практикасы” бағдарламасы аясында да заңгерлік қызметке жолдама алған жас маманның әкесі Ақылбек Ақанбаев ұлының жұмысқа орналасқанына өз қуанышы білдірді.

-Ұлым биыл жоғары оқу орнын аяқтап, дипломын алды. Бүгінгі жәрмеңке арқылы заңгерлік қызметке жолдама алды, — деді ол.

Жәрмеңкеге жалпы 100-ден астам азамат келіп, кеңес алды. Нәтижесінде 40-тан астам адам тұрақты жұмысқа, 21 азамат субсидияланған жұмыс орындарына, оның ішінде “Жастар практикасы” мен “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламалары арқылы, ал 8 адам кәсіптік оқытуға жолданды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мұндай жәрмеңкелердің тұрғындарды жұмыспен қамтуда және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Алдағы уақытта да бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіліп, қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге үлес қосатын болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар