Қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, бүгінде Шымкентте жалпы аумағы 1 276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Ол жерде 670,1 млрд теңге сомасында 427 жоба іске асырылып жатыр. Осы күнге дейін 323,9 млрд теңгені құрайтын 304 жоба аяқталып, 9 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды.
«Оңтүстік» индустриялық аймағында құны 130 млрд теңге болатын 96 кәсіпорын орналасқан. 3 064 адамға жұмыс орны көзделген. Қазір 83 кәсіпорын іске қосылған, онда 2 785 адам еңбек етеді. Осы жобаларды іске асыруға 120 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. 2024 жылы 847 млн теңгеге 3 инвестициялық жоба қолға алынып, 68 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұлар – полиэтилен өнімдерін өндіретін «Easy Pack» зауыты, ПКС маркілі картон шығаратын «Бумпром» кәсіпорны және өнеркәсіптік электр жабдықтары мен аккумулятор жасайтын «Береке инвест-5».
«Тассай» индустриялық аймағында жалпы құны 95,3 млрд теңгеге 42 жоба тіркелген. 95,3 млрд теңгеге 3 030 жаңа жұмыс орнымен 42 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде жалпы құны 44,5 млрд теңгеге 33 жоба іске қосылып, онда 2 195 жұмыс орны ашылды. Былтыр «Shymkent-Reklama» ЖШС-ның жарнамалық құрылымдар өндіретін және қызмет көрсететін кәсіпорны іске қосылды. Мұнда 10 адам жұмыс істейді. Жобаға инвестор 100 млн теңге инвестиция құйған.
Сауда-логистикалық орталығында 9 жобаны атап өту керек. Оларға 70,5 млрд теңге инвестиция жұмсалған. 810 жұмыс орны құрылады деп көрсетілген. Дәл қазір онда 9 жобаның төртеуі іске асырылып, 345 адам еңбекпен қамтылды. Жұмсалған инвестиция 24 млрд теңгеден асады.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 67,9 млрд теңгеге 41 кәсіпорын салынды. Мыңнан аса адам жұмыс істейді. Былтыр кәсіпкерлер 7,8 млрд теңгеге 4 инвестициялық жобаны бастап, 350-дей адамды жұмыспен қамтыды. Төрт жоба – «Balabi textile» ЖШС-ның шұлық бұйымдары өндірісі, «Cleans Fabric» ЖШС-ның ылғалды майлықтар шығаратын кәсіпорны, аяқкиім тігетін «Nappa.kz» ЖШС фабрикасы және ылғалды майлықтар өндіретін «Hayat cosmetics» ЖШС зауыты.




