«Жұлдыз» индустриялық аймағының инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы 90%-ға аяқталды. Оған мемлекет қазынасынан 13,7 млрд теңге қаражат жұмсалды. Мұнда келешекте 59 зауыт салынады, төрт мыңнан аса адам еңбек етеді. Осы мақсатты орындауға инвесторлар 179 млрд теңге қаржы жаратуға дайын. Ал биыл 7 кәсіпорын өнім шығаруды бастады: «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-ның керамикалық тақталары, «First Concrete Company» ЖШС-ның темір-бетон бұйымдары, «Alem Stone» ЖШС-ның асфальт өндірісі, «ДСК 17» ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты, «Оңтүстік Ғимарат» ЖШС-ның асфальтбетон шығару жобасы, «Евро Знак» серіктестігінің көпір және жол конструкцияларына арналған темір-бетоны және «Юг Oil Pro» фирмасының битум қабылдау, сақтау және асфальт өндірістері. Бұл жобаларға 39 млрд теңге жұмсалып, 951 адам жұмысқа орналасты.
«Бозарық» агро-индустриялық аймағының жалпы аумағы 132 гектарды құрайды. Аймақта жалпы құны 49,6 млрд теңгенің 25 жобасын іске асыру көзделіп отыр. Бүгінде инженерлік-инфрақұрылым желілерінің құрылысы 95%-ға тәмамдалды. Инженерлік желілерді тартуға 12,6 млрд теңге жұмсалмақ. Индустриялық аймақты сумен жабдықтауға және кәріз жүйесін жүргізуге бюджеттен 4,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, Сауда-логистикалық орталығын 136 гектарға кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Қазір инженерлік-инфрақұрылымдық желілерді тартуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жалпы, инженерлік инфрақұрылымға 8,9 млрд теңге қажет. Оған логистикалық орталықты газ, су, кәріз, электр жүйесімен, автомобиль, теміржолмен қамтамасыз ету жоспары кіреді. Құрылыс жұмыстары биыл біте қоймайды.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 175 гектарға және «Жұлдыз» индустриялық аймағын 155 гектарға кеңейту үшін мемлекет мұқтаждығына 330 гектар жерді қайтару жұмыстары басталды. Қазір 288 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне өтіп, қалғаны бойынша бағалау әлі біткен жоқ және сотта қаралып жатыр. Жер учаскелері толығымен қайтарылғаннан кейін қажетті инженерлік инфрақұрылым жобасы әзірленбек. Сонымен қатар Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан қуаттылығы 100 МВт құрайтын «Жұлдыз» қосалқы стансасының жобасы әзірленуде. Жоба құны шамамен 15–18 млрд теңге. Қосалқы станса 2026–2027 жылдары іске қосылады. Соның нәтижесінде стансаға жақын маңдағы индустриялық аймақтар толықтай электр қуатымен жабдықталады.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы билік металлургия саласындағы жобаларды іске асыруға аумағы 1 076 гектар болатын қаланың оңтүстік-батыс бағытында жаңа индустриялық аймақ құруға кірісті. Қазір индустриялық аймақ тұжырымдамасы әзірленіп, қала әкімдігінің қаулысы қабылданды. Келесі қадам – энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы аталған аумақта кәсіпорындарға керекті инженерлік-инфрақұрылымға қосылу нүктелерін анықтап, жобалау жұмыстарын жүргізу және жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына қайтаруды бастау.




