Шымқалада индустриялық аймақтар желісі кеңейіп, бизнес қауымдастықтың қалаға деген сенімі артып келеді. Жаңадан 438 гектар аумақта екі өндіріс аймағы іске қосылды. Біріншісі – «Жұлдыз» индустриялық аймағы: оны құру 2020 жылы басталып, биыл толық пайдалануға берілді. Мұнда құрылыс материалдары, металлургия, фармацевтика және жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Жалпы көлемі шамамен 166 млрд теңгені құрайтын 46 ірі, заманауи кәсіпорын ашылады деп жоспарланған. Екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы. Бұл жерде құны 44 млрд теңге болатын 25 жоба іске асып, 2 мыңнан аса жұмыс орны құрылады. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтардың саны жетіге жетті.
Қалалық биліктің мәліметінше, аталған аймақтарда 293 жобаны жүзеге асыру арқылы 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып, қала экономикасына 225 млрд теңге инвестиция келген. Қазір 5 өндіріс аймағын құру және кеңейту жұмыстары қатар жүр, оның екеуінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысы Шымкентті оңтүстік өңір үшін логистикалық тұрғыдан қолайлы «Өңірлік хабқа» айналдыруды тапсырған болатын. Осы мақсатта сауда-логистикалық орталығын кеңейту жобасы басталды: ол өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, қоймалау мен тарату тізбектерін оңтайландырады, көлік шығынын азайтып, жеткізуді жеделдетеді.
Инфрақұрылымға салынатын шығындар алдын ала есеппен жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңгені құрайды. Индустриялық алаңдар «дайын инфрақұрылыммен» беріледі: электр, су, газ, кәріз, жол және байланыс тарту кәсіпкердің бастапқы шығынын төмендетіп, жобаны жылдам іске қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Shymkent Invest» фронт-офисі «бір терезе» қағидатымен қайта конфигурацияланды: мұнда инвесторға бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап барлық рұқсат құжаттарын алу және іске қосуға дейін ілесетін шамамен 2 мың қызмет көрсетіледі. Бұл – әкімшілік кедергілерді қысқартып, жобалардың уақыттық және қаржылық тәуекелдерін азайтуға бағытталған жүйелі шара.
Логистикалық инфрақұрылымның күшеюі, жаңа өндірістік қуаттардың пайда болуы және кадр дайындаудың жолға қойылуы Шымкенттің өңірлік хаб ретіндегі позициясын бекітіп келеді. Аймақтарда шоғырланған өндірістер кооперацияны кеңейтіп, жергілікті жеткізушілердің тізбегін қалыптастырады, ал бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін береді.




