Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды жаңа деңгейге көтеру міндеті жүктелді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Digital Qazaqstan» атты бірыңғай тұжырымдамалық құжат аясында жүзеге аспақ. Құжаттың басты мақсаты – цифрлық технологияларды енгізуді жалпыұлттық стратегиямен үйлестіріп, барлық салаларда тиімділікті арттыру.
Осы бағытта Шымкент қаласы да ауқымды қадамдар жасауда. Қала халықаралық деңгейде «Dahua Technology», «HikVision» сынды әлемдік көшбасшы компаниялармен өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер smart city жобаларын, заманауи қауіпсіздік жүйелерін және цифрлық инфрақұрылымды енгізуге тың серпін береді. Жаңа технологиялар қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, коммуналдық қызметтердің жұмысын оңтайландырады. Мысалы, интеллектуалды бейнебақылау жүйелері қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, ал ақылды басқару шешімдері көлік қозғалысын реттеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Жолдауда ерекше атап өтілген салалардың бірі – әуе көлігі және жүк тасымалы. Шымкент қаласының әуежайы бұл бағытта үлкен жетістікке жетті. Әуежайға KZ/RA3/00004-01 бірегей тіркеу нөмірі беріліп, ресми түрде Еуропаның RA3 деректер базасына енгізілді. Бұл мәртебе Шымкент әуежайына Еуропа елдеріне тікелей жүк тасымалдауды транзиттік бекеттерде қосымша тексерусіз жүзеге асыруға жол ашады. Мұндай мүмкіндік халықаралық сауда ағындарын ұлғайтып қана қоймай, логистикалық әлеуетті арттырады.
Шымкент қаласы бүгінде еліміздегі үшінші мегаполис ретінде экономикалық және технологиялық тұрғыда айрықша рөл атқарып келеді. Smart city жобаларын жүзеге асыру мен әуежай инфрақұрылымын дамыту – қаланың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Бұл бастамалар инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және аймақтың экономикалық өркендеуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Қорыта айтқанда, Шымкенттің цифрландыру саласындағы бастамалары мен әуежайдағы жаңа мәртебесі қаланың стратегиялық дамуына тың серпін беріп отыр. Бұл жұмыстар Қазақстанның цифрлық трансформация жолындағы жетістіктерімен үйлесіп, елдің жаһандық нарықтағы орнын нығайтуға ықпал етеді.
#Цифрландыру #DigitalQazaqstan #Шымкент #Инфрақұрылым #SmartCity #ЖасандыИнтеллект #Әуежай #Экономика




