Воскресенье, 4 октября, 2026
22.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТТЕ КӨРНЕКІ АҚПАРАТТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ РЕСІМДЕЛУІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Мемлекеттік тіл – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және қоғамдық бірліктің басты тірегі. Сондықтан оның қолданыс аясын кеңейту, қоғам өмірінің барлық саласында қазақ тілінің беделін арттыру – бүгінгі тіл саясатының стратегиялық бағыты болып табылады. Осы мақсатта елімізде 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Аталған құжатта мемлекеттік тілді қоғамдық кеңістікте, соның ішінде кәсіпкерлік және жарнама саласында кеңінен қолдануды қамтамасыз ету нақты міндет ретінде белгіленген.

Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Қалалық ішкі саясат және мәдениет басқармасы, сондай-ақ аудан әкімдіктері бірлесіп, көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуын бақылау бойынша тұрақты мониторинг ұйымдастырып отыр. Осы жылдың басынан бері 16 мыңнан астам нысан тексеріліп, олардың ішінде 2380 кәсіпкерге заңнама талаптарын бұзғаны үшін түзету жөнінде ресми ұсыным берілді. Қазіргі таңда 120 нысан тиісті кемшіліктерді жойып, маңдайша жазуларын, мәзірлері мен жарнамалық материалдарын толықтай мемлекеттік тілде қайта рәсімдеді.

Мысалы, қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын «Мадлен», «Мизам», «Nanduk», «Ankara» сынды танымал дәмханалар өз мәзірлері мен маңдайшаларын қазақ тілінің орфографиялық нормаларына сәйкес жаңартып, үлгі боларлық тәжірибе көрсетті. Бұл бастама өзге кәсіп иелерін де тіл нормаларын сақтауға ынталандырып отыр.

Заңға сәйкес, барлық жарнамалық және ақпараттық материалдар ең алдымен мемлекеттік тілде, содан кейін қажет болған жағдайда өзге тілдерде берілуі тиіс. Бұл талаптың сақталмауы кәсіпкерлерге әкімшілік жауапкершілік жүктейді: шағын бизнес субъектілері үшін 5 айлық есептік көрсеткіш, орта бизнеске – 10 АЕК, ал ірі кәсіпорындарға – 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Соңғы айдың өзінде «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 112 жарнама жобасы келісімге жолданған, оның 97-сіне түзету енгізу талап етілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер арасында түсіндіру және әдістемелік жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Арнайы әзірленген нұсқаулықтар мен әдістемелік құралдар дәмханалар мен мейрамханаларға таратылып, WhatsApp мессенджері, «2ГИС» картасы және әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандыру жүргізілді.

Бұған қарамастан, қала көшелерінде орфографиялық және аударма қателері бар жарнамалар мен маңдайшалар әлі де кездеседі. Сондықтан сала мамандары мен жауапты органдар бақылауды күшейтіп, кәсіпкерлер мен жарнама агенттіктеріне мемлекеттік тіл нормаларын сақтаудың маңыздылығын жүйелі түрде түсіндіруде.

Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – тек жазуларды түзету емес, сонымен бірге қоғамда мемлекеттік тілге деген құрмет пен жауапкершілікті арттыру. Дұрыс ресімделген көрнекі ақпарат пен сауатты жазылған жарнама қаланың мәдени келбетін айқындап, тұрғындардың тілдік ортаға деген сенімін күшейтеді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ парызымыз. Сондықтан Шымкент қаласының әкімдігі мен тиісті басқармалар алдағы уақытта да бұл бағыттағы шараларды жалғастырып, көрнекі ақпараттың бірізді әрі сапалы ресімделуін қамтамасыз етуді басты назарда ұстамақ.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/0BWUpHWDaXQ?si=ObcnD-KnaQUa2X3P
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар