Шымкент қаласында энергетикалық инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған аса маңызды жоба – «Ақжар» 110/35/10 кВ қосалқы станциясының құрылысы өз мәресіне таяп келеді. Бұл нысанның іске қосылуы қаланың жаңа шағынаудандарын тұрақты электр қуатымен қамтып, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға үлкен үлес қоспақ.
Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары алғаш рет 2019 жылы басталған болатын. Бастапқыда нысанды 2023 жылы толық аяқтау жоспарланған еді. Алайда күтпеген жағдайларға байланысты мерзім ұзартылды. Соның ішінде ең үлкен қиындықтардың бірі – кабель желілерінің ұрлануы болды. Нақтырақ айтсақ, 2 шақырымға жуық 110 кВ жоғары кернеулі кабель қолды болып, құрылыс қарқыны бәсеңдеді. Осыған байланысты мердігер мекеме – «ТПЭП» ЖШС кабельді өз қаражаты есебінен қайта сатып алып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды.
2024 жылдың мамыр айында қала әкімі нысанға арнайы барып, құрылыс барысын қадағалады. Сол кезде әкімдік тарапынан мердігерге жұмысты барынша жеделдетіп, тамыз айына дейін аяқтау тапсырылды. Дегенмен, кабельді дайындау, монтаждау және қосу барысында технологиялық уақытты сақтау қажеттілігіне байланысты белгіленген мерзімге үлгеру мүмкін болмады. Осыған қарамастан, компания барлық жұмысты қараша айына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда қосалқы станциядағы негізгі жұмыстар орындалып, автотрансформаторлар мен кабель жүйесіне қуат беріліп, сынақтан өткізу сәтті жүзеге асырылды. Кабель толық қуатқа қосылды. Ендігі міндет – нысанды ресми қабылдау актісін рәсімдеу. Бұл рәсім аяқталғаннан кейін станция толыққанды пайдалануға беріледі.
Жобаның жалпы құны – 6,5 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін соның 6,2 млрд теңгесі игерілген. Ал 2024 жылға арнайы 293,6 млн теңге қаржы қарастырылды. Құрылыс жұмыстарының ресми аяқталу мерзімі – 2025 жылғы 30 қыркүйек деп бекітілген.
«Ақжар» қосалқы станциясының іске қосылуы Шымкенттің энергетикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, қала халқының өмір сапасына тікелей әсер етпек. Әсіресе соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан жаңа тұрғын аудандардың электр қуатына деген сұранысы артып отырғаны белгілі. Жоба толық іске асқан соң бұл мәселе едәуір шешімін табады.
Қорыта айтқанда, «Ақжар» қосалқы станциясы – Шымкенттің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтатын және тұрақты дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар нысан.
Толығырақ: YouTube Live
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




