Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТТЕ БЮДЖЕТТІҢ ӨЗ КІРІСТЕРІН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет Басшысының өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру және өз кіріс көздерін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында бүгін Шымкент қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен арнайы кеңес өтті. Жиынға қалалық құрылымдық бөлімшелердің, мемлекеттік кірістер органдарының, экономика және қаржы басқармаларының басшылары қатысты.

Кеңестің басты мақсаты – қалалық бюджеттің табыс базасын кеңейту, салықтық және өзге де түсімдердің толық әрі тұрақты түсуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ қосымша кіріс көздерін анықтау, әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру және көлеңкелі экономиканы қысқарту мәселелері қаралды.

Қала әкімі тұрақты әрі теңгерімді кіріс базасын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы қаражат есебінен әлеуметтік инфрақұрылым дамып, қала тұрғындарының әл-ауқаты жақсарады. «Қаржылық тұрақтылық – мегаполистің дамуының негізгі кепілі. Өз кірісімізді арттыра алсақ, республикалық бюджетке тәуелділік азаяды, ал қаланың басым бағыттарын дербес қаржыландыруға мүмкіндік туады», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Соңғы жылдары бұл бағытта оң нәтижелер байқалуда. Қалалық бюджет көлемі 239 млрд теңгеге өсіп, жалпы 895 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 496 млрд теңге – қаланың өз кірістері. Бұл ретте бюджеттің дербестік деңгейі 46 пайыздан 56 пайызға дейін көтерілді. Мұндай өсім Шымкенттің қаржылық тұрақтылығының нығайғанын және экономикалық әлеуетінің артқанын көрсетеді.

Кеңесте 2026–2027 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары таныстырылды. Онда жоспарланған түсімдердің толық орындалуын қамтамасыз ету, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, жаңа кіріс көздерін іздеу, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін тиімді айналымға енгізу, сондай-ақ цифрлық бақылау жүйелерін кеңейту секілді міндеттер қамтылған. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерін нақты қызмет атқарып жатқан мекенжайы бойынша салық төлеуші ретінде тіркеу және түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Жиын соңында қала әкімі жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар беріп, кіріс көздерін ұлғайту бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты. Ол бұл бағыттағы тиімді шешімдердің әлеуметтік жобаларды көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың инфрақұрылымдық дамуын жеделдетуге ықпал ететінін атап өтті.

Өз кіріс базасының артуы Шымкенттің экономикалық тұрақтылығын күшейтіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және мегаполисті заманауи, бәсекеге қабілетті қала ретінде дамытуға зор мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар