Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ «ҚҰРМЕТ» АРДАГЕРЛЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

Елімізде жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күні ретінде кеңінен аталып өтеді. Бұл күн – аға буын өкілдеріне ерекше құрмет пен ілтипат білдіретін мерейлі мереке. Өмірін ел игілігіне арнап, тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға атсалысқан қарияларымыздың қоғамдағы орны айрықша. Осыған орай Түркістан облысында да мереке қарсаңында бірқатар игілікті шаралар ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрге айналған.

Биылғы жылы Қарттар күні мерекесіне орай Түркістан облысының Сайрам ауданы, Қарасу ауылында «Құрмет» ардагерлер үйі салтанатты түрде ашылды. Ардагерлерге арналған жаңа әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров, жергілікті мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері және ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, жаңа ғимараттың қазыналы қарттар үшін маңызды әлеуметтік қолдау болатынын атап өтті.

– Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан қалған асыл дәстүр, халқымыздың рухани қазынасының бір бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Халықтың береке-бірлігін сақтау аса маңызды. Бұл істе елге сөзі өтетін аға буынның орны ерекше» деген болатын. Сіздер елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан абзал жандарсыздар. Бүгінгі мерекелік күнде сіздерге деген алғыс пен құрметтің белгісі ретінде жаңа «Құрмет» ардагерлер үйі ел игілігіне беріліп отыр. Ардагерлерімізді ардақтау – біздің парызымыз, – деді өңір басшысы өз құттықтау сөзінде.

Жаңа орталық заманауи талаптарға сай салынған. Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асатын ғимаратта қариялардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын жақсартуына және шығармашылық қабілеттерін дамытуына барлық жағдай жасалған. Мұнда демалыс бөлмелері, кітапхана, спорт және емдік жаттығу залы, медициналық бөлме, сондай-ақ түрлі үйірмелер ұйымдастырылатын мәдени-тәрбие бағытындағы орындар бар.

Ғимараттың ауласы толық абаттандырылып, тынығуға арналған көгалды аймақ пен демалыс алаңшалары салынды. Сондай-ақ, қариялардың серуендеуіне қолайлы болуы үшін арнайы терренкур жолдары мен скандинавиялық серуендеу бағыты қарастырылған. Орталық бір ауысымда 200 адамды қабылдай алады. Бұл тек Сайрам ауданының ғана емес, көршілес аудандардың да зейнеткерлеріне қызмет көрсететін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.

Іс-шара барысында қонақтар мен ардагерлер үшін мерекелік дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Өнер ұжымдары мен жас орындаушылар ата-әжелердің құрметіне арнап ән-жырдан шашу шашты. Сондай-ақ, ел дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге облыс әкімінің алғыс хаттары мен сыйлықтар табыс етілді.

Бұған дейін Түркістан облысының ардагерлеріне 1976 жылы салынған Шымкент қаласындағы ескі ғимарат қызмет көрсетіп келген. Уақыт талабына сай келмейтін бұл нысанның орнына жаңа, кең әрі заманауи ғимараттың ашылуы – облыс басшылығының үлкен қолдауы мен қамқорлығының көрінісі.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 200 мыңнан астам зейнеткер тұрады, бұл облыс халқының шамамен 10 пайызына тең. Соның ішінде 100 жастан асқан 51 қария бар. Бұл – өңірде ұзақ өмір сүріп отырған азаматтардың көптігін көрсетеді.

Қарияларды қолдау мен әлеуметтік қорғау саласында облыста жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше деңгейде аталып өтіп, майдангерлер мен тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, облыс көлемінде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда 10 мыңнан астам зейнеткер бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі жаттығулар мен шығармашылық шараларға қатысып жүр.

Жыл сайын шамамен 8 мың қария облыстық бюджет есебінен еліміздің түрлі шипажайларында демалып, денсаулығын түзейді. Бұл бағыттағы әлеуметтік қолдау шараларының барлығы егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға, қоғам өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

Қарттар күніне орай облыс бойынша «Қариялар – елдің қазынасы» атты арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Аталған бағдарлама аясында мәдени, спорттық, денсаулық және білім беру салаларында түрлі акциялар мен кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Әр ауданда ардагерлермен жүздесулер, мерекелік концерттер мен қайырымдылық шаралары өткізіліп, қарттардың көңіліне қуаныш сыйлануда.

Осылайша, Түркістан облысында қарттарға деген қамқорлық пен құрмет нақты істер арқылы көрініс табуда. Жаңадан ашылған «Құрмет» ардагерлер үйі – бұл тек ғимарат емес, ол – ардагерлерге деген ризашылықтың, алғыс пен сүйіспеншіліктің символы. Мұндай игілікті бастамалар қоғамда ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастардың үлкенге деген құрмет сезімін арттыра түсері сөзсіз.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар