Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРУДЕ

Түркістан облысында тұрғындардың денсаулығын қорғау, оларға сапалы медициналық қызмет көрсету және өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары өңірде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жаңғыртуға айрықша назар аударылып, жаңа нысандардың құрылысы қарқын алды.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 570 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы қызу жүргізілуде. Бұл – өңірдегі ең ірі медициналық орталықтардың бірі болмақ. Мұнда заманауи медициналық жабдықтар орнатылып, халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялық көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар, қалада Біріккен Араб Әмірлігінің «Абу-Даби» қорының қолдауымен 80 орындық перзентхана бой көтеруде. Ана мен баланың саулығын қорғауға бағытталған бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Облыстың өзге аудандарында да денсаулық сақтау саласы серпінді дамып келеді. Мәселен, Сарыағаш ауданында перинаталды орталығы бар көпбейінді аурухананың құрылысы басталмақ. Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде 210 төсекке арналған жаңа аудандық аурухана салу жобасы әзірленсе, Ордабасы ауданының Темірлан ауылында 200 орындық заманауи перинаталды орталықтың құрылысы қолға алынбақ. Сондай-ақ, Сауран ауданының Шорнақ ауылында 500 келушіге арналған емхана құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырылуда.

Өткен жылы облыс бойынша 55 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны бой көтерді. Оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде 49 жаңа нысан ел игілігіне тапсырылды. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Сарыағаш ауданында 3 дәрігерлік амбулатория, Қазығұрт ауданында 1 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 1 медициналық пункт, Сауран ауданында тағы бір фельдшерлік пункт салынды. 2025 жылы дайын ғимараттарды сатып алу тәжірибесін қолдану арқылы 32 нысанның құрылысы жалғасуда.

Соңғы жылдары облыстағы медициналық мекемелерді жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2022 жылы Ордабасы аудандық ауруханасы, 2023 жылы Жетісай аудандық орталық ауруханасы, ал 2024 жылы Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы толық күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Шардара ауданындағы «Қазақстан» ауруханасы мен Қазығұрт ауданындағы «Қаратас» ауылдық емханасына да жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда Сайрам аудандық және Кентау қалалық орталық ауруханаларында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Фельдшерлік-акушерлік пункттердің жөндеу жұмыстары да жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биылғы жылы Жетісай ауданындағы «Асықата» және Сайрам ауданындағы «Қарабұлақ» ауруханалары да жаңғыртудан өтеді.

2026–2029 жылдары Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында тағы 6 ірі жоба жүзеге аспақ. Бұл жобалардың қатарында жаңа ауруханалар мен емханалар салу, бар нысандарды жаңарту және медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар бар.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әлеуметтік маңызы жоғары нысандардың құрылысын жеке бақылауына алып, жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң қадағалап отыр. Оның айтуынша, денсаулық сақтау инфрақұрылымының дамуы – аймақ тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сапасын арттырудың басты кепілі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар