Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАНДА «БАБАЛАР РУХЫНА 100 ХАТЫМ» АТТЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

1 қазан күні түркі әлемінің рухани жүрегі саналатын қасиетті Түркістан қаласында ел бірлігі мен рухани жаңғыруды дәріптеген маңызды әрі тағылымды іс-шара өтті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Бабалар рухына 100 хатым» атты рухани жиын ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – өткеннің өнегесін жаңғыртып, бабалар аманатына адалдық таныту, қоғамда имандылық пен ізгілік қағидаттарын кеңінен насихаттау.

Рухани жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов, белгілі дінтанушылар мен ел ағалары, өңірдің зиялы қауымы және Түркістан тұрғындары қатысты. Іс-шараға арнайы келген қонақтар киелі мекендегі рухани атмосфераны сезініп, бабаларға тағзым етті.

Шараның ресми бөлігі қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ауласында басталды. Құрбандық шалу рәсімі орындалып, жиналған жұртшылық Алладан еліміздің амандығы мен жұртымыздың бірлігі үшін дұға жасады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатқа арнаған құттықтау сөзінде Түркістанның қазақ халқының тарихындағы, руханият пен ислам өркениетіндегі орнына тоқталды.

– Түркістан – ислами білім мен мәдениеттің бесігі, түркі дүниесінің киелі орталығы. Бұл мекеннен талай ғұлама мен әулие шыққан. Бабалар рухына хатым түсіру – олардың еңбегін еске алып, олардың мұрасына құрмет көрсету. Бұл бастама ел ішіндегі ынтымақ пен рухани тұтастықты нығайтуға бағытталған, – деді Бас мүфти.

Сондай-ақ ол қазіргі қоғамда рухани құндылықтарды дәріптеудің, жастарды имандылыққа баулудың маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи сынды ұлы тұлғалардың ілімін жаңғырту – ұлттың рухани иммунитетін күшейтудің кепілі.

Іс-шара аясында қатысушылар ұлы баба Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне зиярат жасап, ондағы тарихи жәдігерлермен танысты. Түркістан облысының наиб имамы Сүлеймен қари Моллатілеуұлы бастаған дін қызметкерлері Құраннан 100 хатым түсіріп, бабалар рухына бағыштап дұға оқыды. Бұл хатым – елдің амандығы мен тыныштығы, бейбіт өмір және ұлт бірлігі үшін жасалған үлкен сауапты іс болды.

Жиын барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, ел руханияты мен мәдениеті жолындағы осындай игі бастамалардың маңызын атап өтті.
– Түркістан – халқымыздың тарихындағы ең қасиетті мекендердің бірі. Осындай шаралар арқылы біз ұлттың рухын көтеріп, жастарды имандылық пен ізгілікке тәрбиелейміз. Бұл – өткен мен бүгіннің сабақтастығын көрсететін үлкен өнеге, – деді өңір басшысы.

Конференцияға қатысқан дінтанушылар мен ғалымдар да Қожа Ахмет Ясауи ілімінің қазіргі қоғам үшін өзектілігін атап өтті. Олар Ясауидің еңбектерін, сопылық ілімнің гуманистік негіздерін зерттеп, қазіргі рухани өмірге енгізудің маңызына тоқталды.

Шара барысында жамағатқа арналған уағыз-насихаттар айтылып, түркі жұртының рухани бірлігін нығайтудың мәні түсіндірілді. «Бабалар рухына 100 хатым» атты бұл игі бастама еліміздің барлық өңірінде жалғасын табатыны айтылды.

Іс-шара соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жиналғандарға ізгі тілегін білдіріп, елімізге тыныштық пен береке тіледі.
– Біздің парызымыз – өткеннің аманатын келер ұрпаққа жеткізу. Ал бабалар рухына хатым түсіру – сол аманат алдындағы адалдығымыздың көрінісі. Рухани тұтастықты сақтау – ұлт болашағының кепілі, – деді ол өз сөзінде.

Жиын соңында қатысушылар бір-біріне ізгі тілектерін айтып, рухани серпіліспен тарасты. Түркістан аспанында Құран үні естіліп, бабалар рухына бағышталған дұғалардан кейін елдің рухани өмірінде айрықша мәнге ие шара ретінде тарих бетіне жазылды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар