Түркістан облысында мәдениет пен өнер саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе театр өнеріне деген қызығушылық пен қолдау жылдан-жылға артып отыр. Облыстық мәдениет басқармасы алты негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: театр саласы, концерттік ұйымдар, музей мен кітапхана қызметі, тарихи-мәдени мұраларды сақтау, тілдерді дамыту және ономастика бағыты. Әр бағыттың өзіндік ерекшелігі бар болса да, театр өнері халықтың рухани өмірінде айрықша орын алады.
Жыл басынан бері облыс аумағындағы театр ұжымдары 15 жаңа қойылымды көрермен назарына ұсынып, жалпы саны 245 спектакль сахналаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Қойылымдарды тамашалауға 35 мыңнан астам көрермен қатысып, жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының өнерге деген ықыласын танытты. Театрлар тек облыс орталығында ғана емес, аудан, қала деңгейінде де белсенді жұмыс атқарып келеді.
Жыл соңына дейін мәдениет басқармасы мен театр жетекшілері көрерменге тағы да 15 жаңа қойылымды ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл репертуарлардың басым бөлігі отандық драматургтердің туындылары мен ұлттық классикаға негізделген. Мәселен, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары мен заманауи авторлардың пьесалары сахна төрінен өз орнын табуда. Театрлардың көркемдік кеңестері мен режиссерлік топтары репертуар таңдауда ұлттық құндылықтар мен тәрбиелік мәнге ерекше назар аударады.
Бүгінде Түркістан облыстық мәдениет басқармасы театрлардың шығармашылық сапасын арттыру мақсатында кадр саясатын жаңаша бағытта жүргізіп отыр. Басқарма басшысы Роза Олжабайқызы атап өткендей, жас мамандарды тарту – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Өнер факультетімен арнайы меморандум түзілген. Бұл келісімге сәйкес, студенттер театрларда тұрақты түрде тәжірибеден өтеді, ал үздік түлектер диплом алған соң бірден жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Нәтижесінде 2023 жылы еліміздің түрлі қалаларынан – Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды және Түркістаннан 16 жас түлек облыстық театрларға қабылданған болса, 2024 жылы олардың қатары 24 жас маманмен толыққан. Бұл жастар театр өміріне жаңа серпін беріп, тың идеялар мен заманауи көзқарас енгізуде. Театр басшыларының айтуынша, жас режиссерлер мен актерлердің келуі шығармашылық атмосфераны жандандырып, көрерменнің де қызығушылығын арттырған.
Сонымен қатар, облыстық мәдениет басқармасы шалғай ауыл тұрғындарының мәдени өмірге араласуына ерекше көңіл бөлуде. Осы мақсатта гастрольдік сапарлар ұйымдастырылып, театр ұжымдары аймақтың ең алыс ауылдарына дейін барып, өнер көрсетіп жүр. Бұл бастама ел ішіндегі мәдени теңсіздікті азайтып, тұрғындардың рухани дамуына үлкен серпін беруде. Гастрольдік қойылымдар көбіне патриоттық, отбасылық құндылықтар мен адамгершілік тақырыптарына арналуда.
Театр өнерін насихаттаудың тағы бір маңызды бағыты – жас көрермендермен жұмыс. Балалар мен жасөспірімдерге арналған ертегілер мен тәрбиелік қойылымдар облыс мектептерінде, мәдениет үйлерінде тұрақты түрде сахналанады. Бұл жас ұрпақтың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың рухани дүниесін байытады.
Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы театрлар тек шығармашылық ұжым ғана емес, қоғамның мәдени-рухани өмірінің белсенді бөлігіне айналып отыр. Әрбір қойылым – көрерменнің ойына ой салып, сезімін тербететін, адамгершілікке тәрбиелейтін өмір сабағы іспетті. Театр өнерінің дамуы облыстың мәдени беделін арттырып, Түркістанның рухани астана ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға үлес қосуда.
Жыл соңына дейін жоспарланған жаңа жобалар мен қойылымдар да осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы болмақ. Көрермен мен өнер ұжымының арасындағы байланыс үзілмей, театрлар әр маусым сайын тың дүниелермен қуантуды жалғастыра бермек.




