Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 3,3 МЛН ТОННА БАҚША ӨНІМДЕРІ ЖИНАЛАДЫ

Түркістан облысы – еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы көшбасшы өңірлердің бірі. Биыл мұнда егін мен бақша дақылдарының мол өнімі алынуда. Қазіргі таңда облыс бойынша жиын-терім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мамандардың болжамынша, биыл жалпы 3,3 миллион тоннаға жуық көкөніс, бақша және картоп өнімдері жиналады. Оның ішінде қазірдің өзінде 2,6 миллион тоннасы қамбаға құйылып, елдің ішкі нарығына және экспортқа жөнелтілуде.

Түркістанның климаты мен жерінің құнарлылығы шаруаларға жыл сайын мол өнім алуға мүмкіндік беріп келеді. Әсіресе Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш және Келес аудандарының диқандары ерте пісетін өнімдерін жинап, еліміздің басқа өңірлерін көкөніс пен жеміспен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, экспорт бағытында Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және басқа да мемлекеттерге өнім тасымалдануда.

Облыс аумағында жылыжай шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі таңда жылыжайлардың жалпы аумағы 1 715 гектарды құрайды. Бұл — республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жылыжай кешендерінен жыл басынан бері 101,5 мың тонна көкөніс өнімдері алынған. Мұндай нысандардың басым бөлігі заманауи технологиялармен жабдықталып, тамшылатып суару мен энергия үнемдеу жүйелері енгізілген.

Мал шаруашылығы да өңір экономикасының маңызды саласы болып отыр. 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәліметке сәйкес, облыс бойынша 1 143,6 мың бас ірі қара, 4 947,6 мың бас қой-ешкі, 495,8 мың жылқы, 43,2 мың түйе және 2 566,4 мың бас құс тіркелген. Осы мал басынан 122,9 мың тонна ет, 368,8 мың тонна сүт және 176,9 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Бұл көрсеткіштер бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр.

Айта кетсек, ел көлемінде экспортқа шығарылатын ірі қара етінің 80 пайызы мен қой етінің 75 пайызы дәл осы өңірдің үлесіне тиеді. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында 20,8 мың тонна ірі қара еті және 13,4 мың тонна қой еті шетелге жөнелтілді. Мұның барлығы өңірдің агроөнеркәсіп кешенін жүйелі дамыту мен шаруалардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Сонымен қатар, облыста ет кластерін дамытуға бағытталған ірі жобалар іске асырылып жатыр. Жалпы құны 48,9 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаның жүзеге асуы нәтижесінде жылына қосымша 31,5 мың тонна ет өндіріліп, экспорт көлемі екі есеге ұлғаймақ. Бұған қоса, сүт өңдеу саласын жетілдіру мақсатында құны 6 миллиард теңгелік үш тауарлы сүт фермасы салынып жатыр. Бұл фермалар іске қосылған соң, жылына қосымша 20 мың тонна сүт өндірілетін болады.

Өңірдің ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция көлемі де айтарлықтай артқан. Биылдың өзінде салаға 97,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Бұл қаражат жаңа фермалар мен жылыжайлар салуға, техника мен инфрақұрылымды жаңартуға, сондай-ақ шаруалардың өнімділігін арттыруға бағытталуда.

Жалпы, республика көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 14 пайызы Түркістан облысына тиесілі. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында өңірде 487,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Бұл – ел экономикасының аграрлық секторындағы маңызды үлес.

Түркістан облысының диқандары мен шаруаларының табанды еңбегі мен жүйелі жұмысының арқасында аймақ еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр. Ендігі мақсат – өндірілген өнімнің сапасын арттырып, қайта өңдеу саласын кеңейту арқылы экспорт әлеуетін одан әрі дамыту.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар