Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы аймақ экономикасының негізгі тірегіне айналып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірде агросекторды дамыту бойынша нақты индикаторлар бекітіліп, бағыттар жүйеленген. Әр аудан мен қалада агроөнеркәсіптік кешенді жетілдіруге арналған жеке жоспарлар жасалып, олардың орындалуы әкімнің тікелей бақылауында тұр.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша, облыстың ауыл шаруашылығы саласында 487,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі – 100,1 пайыз. Бұл көрсеткіш Түркістан өңірінің еліміздегі агроөндірістік әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді. Жыл соңына дейін бұл көлем триллион теңгеден асуы жоспарланып отыр.
Облыс республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі жағынан алдыңғы қатарда келеді. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы мен еңбекқор шаруалардың еңбегі есебінен Түркістан еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Әсіресе, көкөніс, бақша, мал шаруашылығы өнімдері республика нарығына және экспортқа тұрақты түрде жеткізілуде.
Аймақтың ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында 2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама аясында жалпы құны 270,1 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл жобалардың нәтижесінде 2 488 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биылдың өзінде 34 жоба іске асып, 1 700-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Ал жыл басынан бері 22 жоба толықтай аяқталып, 935 жұмыс орны құрылды.
Егіс алқаптарының көлемі де жылдан жылға артып келеді. 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарды құрады (2024 жылы – 872,5 мың га). Бұл – аймақ шаруаларының егіншілік мәдениетін жетілдіріп, жаңа технологияларды енгізудің нақты нәтижесі.
Маусым айынан басталған орақ науқаны бүгінгі таңда толығымен аяқталды. Егістік алқаптарынан мол өнім жиналды: 9 мың тонна мақсары, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 миллион тонна бақша және 234 мың тонна картоп жиналды. Бұл өнімдердің бір бөлігі өңір тұрғындарының қажеттілігін қамтып отырса, қалғаны еліміздің басқа аймақтарына және шетел нарығына экспортталуда.
Мал шаруашылығы бағыты да қарқынды дамып келеді. Биыл облыс бойынша 5,2 миллион тонна малазықтық дақылдарын жинау жоспарланса, қазіргі уақытта 4,5 миллион тоннасы дайындалды, бұл жоспардың 86 пайызы. Шаруалар қысқы маусымға мал азығын толық дайындау үшін жұмыстарын жалғастыруда.
Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру ісі де жүйелі түрде жүргізілуде. Енді диқандар табыстылығы жоғары рентабельді дақылдарға басымдық беріп отыр. Бұл бағытта жердің құнарлылығын сақтау, суды үнемдеу және заманауи тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану басты назарда.
Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде бірнеше ірі қайта өңдеу кәсіпорындары ашылып, сүт және ет бағытындағы кооперативтер құрылуда. Бұл – ауылдық жерлерде шағын және орта бизнестің дамуына, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік бермек.
Инфрақұрылымдық тұрғыда да оң өзгерістер байқалады. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, су жүйелерін қалпына келтіру және фермерлерге субсидия беру бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары тиімді жүзеге асуда. Нәтижесінде өнімнің сапасы артып, еңбек өнімділігі өсіп келеді.
Түркістан облысы бүгінде тек елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия кеңістігінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспорттау бойынша беделді аймаққа айналып келеді. Алдағы жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалар мен жаңа технологиялық шешімдер өңірдің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.




