Түркістан облысы бүгінде еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі саналады. Соңғы жылдары мұнда өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм және шағын және орта бизнес салалары айтарлықтай өркендеп келеді. Облыс басшылығы тарапынан кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инвесторларға тиімді орта қалыптастыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.
Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев кездесіп, өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында тараптар кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру жолдарын және бизнесті қаржыландыру үдерісін жеңілдету тәсілдерін ортаға салды.
Кездесуде облыс әкімі өңірдің стратегиялық дамуының маңызды бағыты – кәсіпкерлік екенін атап өтті.
– Біздің міндетіміз – Түркістанды тек тарихи және рухани орталық ретінде емес, сонымен қатар инвестиция мен кәсіпкерлік үшін тартымды аймаққа айналдыру. Мемлекет басшысы ұдайы айтып жүргендей, экономикалық өсімнің негізгі тірегі – шағын және орта бизнес. Бұл бағытта «Даму» қоры еліміздегі негізгі серіктестердің бірі болып отыр. Сондықтан біз өзара әріптестікті күшейтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз, – деді Н.Көшеров.
Бүгінде Түркістан облысында 216 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика көлемінде алғашқы үштікке кіреді. Кәсіпкерлердің белсенділігі артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасының құрылымындағы бизнестің үлесі жылдан-жылға өсіп келеді.
2024 жылдың өзінде облыстағы кәсіпкерлерге 699 жоба аясында 60,3 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Сонымен қатар 701 жобаға 60,6 млрд теңге кепілдендірілген. Бұл деректер кәсіпкерлерге нақты және жүйелі қолдау көрсетіліп жатқанын айғақтайды. Ал 2025 жылдың жеті айында ғана 181 жоба іске асып, 22,8 млрд теңге қаржыландырылған.
Кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағытында жергілікті және республикалық бюджеттерден айтарлықтай қаражат бөлінуде. Мәселен, облыстық бюджеттен субсидиялау бағдарламасына 2,8 млрд теңге, ал республикалық бюджеттен 13,86 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражаттың барлығы өңірлік бизнес бастамаларды қолдауға, өндірістік қуаттарды ұлғайтуға және жаңа жобаларды іске асыруға бағытталған.
Қазіргі таңда өңірде кәсіпкерлердің жобаларын субсидиялау үшін қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда. Бұл бизнес өкілдеріне өз ісін кеңейтуге, жаңа бағыттарды игеруге мүмкіндік береді.
Кездесуде биыл іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасының тиімділігі де жан-жақты талқыланды. Аталған бағдарлама аясында өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік, білім және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Бағдарлама шеңберінде жыл соңына дейін 750 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде 300 млрд теңге – мемлекеттік, ал 450 млрд теңге – екінші деңгейлі банктердің қаражаты.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 14 жоба 8,5 млрд теңге сомасында мақұлданып, жүзеге асырыла бастады. Бұл көрсеткіш бағдарламаның өңірде сәтті іске асып жатқанын көрсетеді. Кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық жоғары, себебі бағдарлама шарттары бизнеске нақты көмек беруге бағытталған.
Сонымен қатар облыста кәсіпкерлікті дамытуға арналған басқа да мемлекеттік бағдарламалар белсенді жүзеге асырылуда. Мәселен, «Ауыл аманаты», «Бизнестің жол картасы», «Кәсіпкер ана», «Кәсіпкер азамат» жобалары арқылы ауылдық жерлерде жеке ісін бастаған азаматтардың қатары көбейіп келеді. Тек соңғы бір жылда ауыл кәсіпкерлеріне 8 млрд теңгеден астам микронесие беріліп, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті де артып келеді. Өңірге шетелдік және отандық инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Соңғы үш жылда өңірде 500-ге жуық инвестициялық жоба іске асырылып, жалпы инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, құрылыс және туризм салаларындағы жобалар ерекше мәнге ие.
Бүгінде облыс аумағында жаңа индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар құрылуда. Бұл инфрақұрылымдар кәсіпкерлерге қажетті инженерлік желілермен, коммуникациямен және жеңілдетілген салықтық режимдермен қамтамасыз етеді. Мұндай қолайлы жағдайлар Түркістанды бизнес үшін айрықша тартымды өңірге айналдырып отыр.
Кәсіпкерлікті дамытуда адами капиталдың маңызы зор. Осы бағытта Түркістан облысында кәсіпкерлік негіздерін үйрететін оқыту бағдарламалары іске асуда. «Бизнес бастау», «Кәсіпкерлік мектебі» сияқты жобалар арқылы жыл сайын мыңдаған жас пен әйел азаматтар кәсіпкерлік дағдыларын меңгеріп, өз ісін бастауға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ облыс әкімдігі мен «Даму» қоры бірігіп, бір терезе қағидаты бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын дамытуда. Мұнда бизнес өкілдері қаржылық кеңес, заңгерлік көмек, гранттық қолдау және жобаны сүйемелдеу бойынша кешенді қызмет ала алады.
Түркістан облысы – тек тарихы терең, мәдениеті бай өлке емес, сонымен бірге заманауи кәсіпкерліктің орталығына айналып келеді. Мемлекет пен жергілікті биліктің жүйелі қолдауы, бизнес қауымдастығының белсенділігі, халықтың кәсіпкерлікке деген жоғары қызығушылығы өңір экономикасының тұрақты өсіміне серпін беріп отыр.
Алдағы уақытта да өңірде кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасады. Түркістанның экономикалық әлеуеті мен кәсіпкерлік белсенділігін арттыру – өңірдің әлеуметтік дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтерудің басты кепілі.




