«AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Taza Qazaqstan» республикалық road-эстафетасы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, киелі Түркістан өңіріне табан тіреді. Бұл экологиялық бастама — табиғатты аялау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарауды дәріптейтін, азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған ұлттық қозғалысқа айналып келеді.
Эстафета Алматы облысынан басталып, Жамбыл облысы арқылы Түркістанға жетті. Мұндағы басты мақсат – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғатты қорғауды күнделікті өмір салтына айналдыру және жастарды, белсенді азаматтарды бір мақсатқа жұмылдыру.
Жоба биыл екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылғы нәтижелерін ескере отырып, биылғы эстафета ауқымы мен мазмұны одан әрі кеңейтілген. Іс-шара барысында табиғи аймақтар мен елді мекендер тазаланып қана қоймай, жергілікті тұрғындарға экологиялық білім беру, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, ағаш егу мәдениетін дамыту бағытында көптеген түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек атап өткендей:
– «Таза Қазақстан» – бұл жай ғана экологиялық акция емес, ол – жалпыұлттық идеяға айналған үлкен қозғалыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған жоба аз ғана уақыт ішінде халық санасында экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыра бастады. Бұл – елдің дамуы мен өркениетті қоғамға ұмтылысының айқын дәлелі.
Республикалық эстафетаның бағыты бойынша қатысушылар 1200 шақырым жолды еңсереді. Олар Алматы, Шымкент қалаларын, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтиды. Жол бойында 10-ға жуық кемпинг, 15 елді мекен мен 3 қалада тазалық іс-шаралары ұйымдастырылады. Жалпы ұзындығы 400 шақырым болатын бөлігі Түркістан облысының аумағына тиесілі.
Эстафетаның алғашқы аялдамасы Түлкібас ауданы болды. Мұнда эко-бастаманы қарсы алу салтанаты жоғары деңгейде өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бастаған делегация қонақтарды салтанатты түрде қарсы алды. Шараға аудан басшылығы, мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының жетекшілері, қоғам белсенділері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Эстафетаның негізгі қозғаушы күші – жастар. «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова бастаған топ экологиялық мәдениетті насихаттау жолында үлкен үлес қосып келеді. Оның айтуынша:
– «Таза Қазақстан» – бұл тек қоқыс жинау акциясы емес. Бұл – жүрек тазалығының, ар-ұят пен жауапкершіліктің көрінісі. Табиғатты аялау – өз болашағымызды қорғау. Сондықтан әр жас өз айналасын таза ұстап, қоғамға үлгі болуы тиіс».
Түлкібас ауданында өткен жиында жастарға арнап экологиялық бағыттағы тренингтер, мотивациялық кездесулер және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жергілікті өнімдер көрмесі өтіп, аудан кәсіпкерлері мен шаруашылық иелері өз өнімдерін ұсынды. Көрмеде табиғи сусындар, кептірілген жемістер, қымыз, алма өнімдері мен экологиялық таза азық-түліктер көрсетілді.
Тазалық акциясы Түлкібас ауданынан басталып, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек және Сауран аудандарында жалғасты. Қатысушылар жол бойындағы демалыс орындары мен тарихи ескерткіштер аумағын тазалап, табиғатты қорғау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, Машат асуындағы Сиқым баба кесенесінде өткен сенбілік жастардың рухын көтеріп, ата-баба мұрасына деген құрметін арттырды.
Эстафета барысында 500-ден астам ерікті азамат жұмылып, 40 тоннадан астам қоқыс жиналып, қайта өңдеу пункттеріне жіберілді. Тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары да атсалысты. Мұндай кең көлемді қоғамдық бірігу экологиялық сананы қалыптастырудың ең тиімді жолы болып отыр.
Сайрам ауданында өткен кезекті акцияда аудан әкімінің орынбасары Руслан Мұздыбеков пен мәслихат төрағасы Шамхат Халмурадов қатысушыларға сәттілік тілеп, табиғатты аялау – туған жерге деген құрмет екенін атап өтті. Бұл бастама арқылы «Таза Қазақстан» идеясы тек тазалық жұмыстары ғана емес, ел бірлігі мен ортақ жауапкершіліктің символына айналып келеді.
Ал Түркістан қаласында өткен қорытынды іс-шарада эко-флешмоб пен Open Air форматындағы экологиялық концерт ұйымдастырылды. Онда жергілікті жас өнерпаздар мен еріктілер табиғатты қорғау туралы әндер шырқап, қала тұрғындарын экологиялық өмір салтына шақырды.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев өз сөзінде:
– «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Таза Қазақстан – бір күндік науқан емес, бұл – өмір салтымыз болуы керек” деген сөзі бар. Осы ұстаным біз үшін бағыт-бағдар. Тазалық тек сыртқы ортамен шектелмейді, ол – сана мен жүректің тазалығы. Бүгінгі эстафета осы идеяның нақты көрінісі», — деді.
Эко-эстафета барысында «AMANAT» партиясының бастамасымен «Таза бейсенбі» акциясы да жалғасын тапты. Бұл жоба арқылы әр аптаның бейсенбісінде партия мүшелері мен белсенділер өз аймақтарында сенбілік ұйымдастырып, тұрақты экологиялық қозғалыс қалыптастыруда. Түркістан өңіріндегі партиялық ұйымдар бұл бастаманы кеңінен қолдап, оны тұрақты дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.
Эстафетаның келесі кезеңінде Ордабасы ауданындағы «Бірлік» монументінде «Вандализмге жол жоқ!» атты акция өтеді. Мұнда тарихи ескерткіштерді сақтау, мәдени мұраны қорғау және ұлттық құндылықтарды насихаттау мәселелері талқыланады. Сонымен қатар, Төрткүл ауылында азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері тыңдалады.
Сауран ауданындағы Шорнақ ауылында Eco-activity форматында мәдени-ағартушылық кездесулер мен экологиялық ойындар өткізіледі. Бұл іс-шаралар табиғатты қорғауға деген жаңа көзқарас қалыптастырып, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын күшейтеді.
Түркістан облысына келген экологиялық эстафета өңір тұрғындарының ынтымағын, елжандылығын тағы бір мәрте көрсетті. Табиғатты қорғау ісіне жұртшылықтың белсенді қатысуы өңірдің экологиялық мәдениетінің өсіп келе жатқанын айғақтайды.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да экологиялық мәдениетті дамыту, қалдықтарды сұрыптау жүйесін енгізу, жасыл аймақтарды көбейту және ауылдық жерлерде санитарлық тазалықты жақсарту бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.
Таза табиғат, жасыл аймақ, жарық қала көшелері мен көрікті елді мекен – барлығы өз қолымызда. Әрбір азамат өз ауласын таза ұстап, қоршаған ортаға жанашырлық танытса, елдің болашағы да жарқын болмақ. «Taza Qazaqstan» эстафетасы – осы игі мақсатқа бастайтын бірегей бастама.




