Түркістанда Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, білім саласында аянбай еңбек еткен барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Баршаңызды Ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мұғалім – адам тәрбиелейтін ең жауапты мамандық. Біз ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды жалғастыра береміз» деген болатын. Бұл – сіздердің еңбектеріңізге берілген ең жоғары баға, – деді облыс әкімі.
Облысымызда 83 мыңнан астам ұстаз жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, аянбай тер төгіп келеді. Мемлекет басшысының «1000 көшбасшы» жобасы аясында өңірімізден 600-ге жуық ұстаз іріктеліп, олардың 46-сы білім саласында басшылық қызметке тағайындалды. Сонымен қатар, «Daryn Teacher» халықаралық жобасы аясында 25 ұстаз Малайзия, Сингапур, Финляндия және Эстония елдерінде тәжірибе жинақтап, әлемдік үздік үлгілерді өңір мектептеріне енгізді.
– Бүгінгі педагог тек өз пәнін меңгеріп қана қоймай, жаңа технологияларды игеріп, оқушымен жаңаша жұмыс істей алуы тиіс. Осы мақсатта, өңірімізде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, заманауи әдістемелерді меңгеруге және цифрлық ресурстармен жұмыс істеуге бағытталған жобалар қолға алынды. Сіздердің жас ұрпаққа білім берудегі еңбектеріңіз бен мамандыққа адалдықтарыңыз – елдің болашағын айқындайтын асыл қазына, – деді Нұралхан Көшеров.
Салтанатты жиында республикалық, облыстық пән олимпиадалары мен білім байқауларының жеңімпаздарын дайындаған мұғалімдерге марапаттар табысталды. Олардың ішінде ардагер ұстаздар Алия Сейсенбаева мен Сәуле Ешманова бар. Сонымен қатар, оқу жылы барысында ерекше көзге түскен үш ұстаз жайында арнайы бейнеролик көрсетілді.
Өңір басшысы Қазығұрт ауданындағы Қалаубек Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясының информатика және робототехника пәнінің мұғалімі Оразхан Бексұлтанға «Құрмет» грамотасы мен 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті. Ізденімпаз ұстаз роботехника үйірмесін жандандырып, шәкірттері әлемдік додаларда Қазақстан құрамасының атынан бақ сынап, топ жарып келеді. Сондай-ақ, Созақ ауданындағы «Қайрат» балабақшасының меңгерушісі Нұржамал Төлеуова мен студенттері «WorldSkills Kazakhstan», «EurasiaSkills», «Emirates Skills» сынды халықаралық чемпионатында алтын медаль алған Кентау көпсалалы колледжінің арнайы пән оқытушысы Диларам Анарбаева да марапатқа ие болды.
Мерекеде ұстаздарға ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің марапаттары тапсырылды. Атап айтқанда: «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Құрмет» грамотасы мен алғыс хаттар берілді.
Салтанатты жиында облыс өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Танымал әнші-бишілермен бірге талантты оқушылар мен балалар өнер көрсетті.
Айта кетейік, Түркістан облысында 83 мыңнан астам педагог саналы ұрпаққа сапалы білім беріп келеді. 2025 жылы осы салаға бөлінген бюджет 13 пайызға ұлғайып, білім саласы үшін маңызды қаржылық қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, өңірде мектептер жаңғыртудан өткізіліп, жаңа білім ұялары ашылды. Олардың ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген 29 мектеп бар.
Білім саласын цифрландыру бағытында өңірде бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, электрондық журналдар мен сабақ платформалары, онлайн семинарлар мен мастер-кластар, интерактивті оқыту құралдары педагогтардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру бағытында мүгедектігі бар балаларға арналған арнайы кабинеттер мен қажетті технологиялық жабдықтар енгізілуде.
– Жас ұрпаққа сапалы білім беру – ұстаздардың басты миссиясы. Әр ұстаздың еңбегі – бұл тек оқушының білім алуына емес, сонымен қатар еліміздің болашағына, ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарды сақтауына бағытталған іс. Біз осы бағытта педагогтарды қолдауды әрі қарай жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, өңірде білім саласында үздік тәжірибе жинақтаған мектептер мен ұстаздардың жетістіктерін бөлісу мақсатында арнайы конференциялар, форумдар мен семинарлар ұйымдастырылуда. Мұндай іс-шаралар жаңа педагогикалық әдістерді таныстырып, жаңашылдықты енгізуге септігін тигізеді.
Түркістан облысы әкімдігі 2025 жылға арналған білім беру жоспарына сәйкес, әрбір мектептің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, оқушылардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Бұл бастамалар педагогтардың мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы рөлін одан әрі арттыруға бағытталған.
Ұстаздардың еңбегі мен жаңашылдығының арқасында өңір мектептерінде оқушылардың білім сапасы өсіп, халықаралық олимпиадалар мен байқаулардағы жетістіктері артқан. Осы арқылы Түркістан облысы білім беру жүйесінде ұлттық және халықаралық деңгейде танылған аймаққа айналды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




