Воскресенье, 4 октября, 2026
18.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 50 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, 2600-ДЕН АСТАМ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту, өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 2 397,3 гектарды құрайтын 20 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Осы аймақтарда 50 инвестициялық жоба іске қосылып, жалпы құны 39,5 млрд. теңгені құрайды. Нәтижесінде, 2 609 жаңа жұмыс орны ашылды, бұл өңірдегі халықты жұмыспен қамту мәселесіне елеулі үлес қосып отыр.

Сонымен қатар, алдағы кезеңде жалпы құны 112,4 млрд. теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, 3 812 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Жобалар құрылыс материалдарын және дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, пластмасса өнімдерін өндіру, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларында жүзеге асырылуда. Бұл бағыттар өңірдің индустриалды әлеуетін арттыруға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және экономикалық өсімге серпін береді.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде мәлімделді. Әкімнің айтуынша, индустриалды аймақтардағы жұмыс сапасы мен инвестициялық ахуалды жақсарту – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі. «Президент халыққа арнаған биылғы Жолдауында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне ерекше мән берді. Сондықтан индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беріп, жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Аймақ инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Мәселелерді шұғыл шешу үшін қадамдық іс-шаралар жоспарын жасап, апта сайын атқарылған жұмыстар туралы мәлімет беруді тапсырамын. Инвестиция тарту мен индустриалды аймақтарды дамыту жұмыстарын сапалы орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралады», — деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын дамыту үшін 12,35 млрд. теңге қаржы жұмсалғанын хабарлады. Бюджеттен жұмсалған әрбір 1 теңгеге 12,3 теңге жеке инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш жеке сектордың экономикалық белсенділігін және инвестицияның тиімділігін айқын көрсетеді.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпорындардың өндірілген өнім көлемі 12,5 млрд. теңгені құрап, бюджетке 756,6 млн. теңге салық түскен. Қазіргі таңда индустриалды аймақтарға жалпы құны 78,1 млрд. теңгеге 28 жаңа инвестициялық жоба орналастырылып, 2 370 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің өндірістік қуатын арттырып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде.

Мәжілісте аудан және қалалардағы индустриалды аймақтардың жағдайы, іске асырылып жатқан жобалар, олардың тиімділігі мен инфрақұрылымдық мәселелері жан-жақты қаралды. Аудан және қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға қажетті қаржы есебін жасау, жұмысын бастамаған кәсіпкерлерден жерді қайтару, зауыттарды жергілікті салық органдарына тіркеу және жобаларды көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Түркістан облысы әкімдігі индустриалды аймақтарды дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізе береді. Бұл шаралар өңірдің экономикалық тұрақтылығын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Әкімдік тұрғындар мен бизнес құрылымдарын белсенділік танытып, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға шақырады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар