Воскресенье, 4 октября, 2026
18.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА «ШЫҒЫС ШАҚЫРАДЫ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында ішкі көші-қон үдерісін дамытуға бағытталған маңызды кездесу өтті. Аталмыш іс-шара «Қапланбек» жоғары аграрлық техникалық колледжінде ұйымдастырылып, «Шығыс шақырады» форумы аясында Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келген делегация өкілдері мен жергілікті тұрғындар бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.

Форум барысында қатысушылар ерікті қоныс аудару, еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер және әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде кеңінен пікір алмасты. Сонымен қатар, ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 1 746 вакансия ұсынылды. Іс-шараға 400-ден астам тұрғын қатысты, олардың 40-тан астамы Шығыс өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді. Бұл – өңіраралық ынтымақтастық пен халықты жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.

Кездесу барысында мамандар ішкі көші-қонды тиімді реттеу қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, халқы тығыз орналасқан аймақтардан еңбек ресурстары тапшы өңірлерге қоныстандыру маңызды. Түркістан облысы еңбек әлеуеті жоғары өңір ретінде елдің солтүстік және шығыс аймақтарындағы жұмыс күші тапшылығын толтыруға айтарлықтай үлес қосып келеді. 2015 жылдан бері облыстан 16 318 адам еліміздің солтүстік аймақтарына қоныс аударған. Бұл көрсеткіш ел ішіндегі еңбек нарығын теңгеру мен азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін дәлелдейді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы биыл 8–10 сәуір аралығында Жетісай, Сайрам, Түркістан, Мақтаарал және Ордабасы аудандарында «Қоныс аудару» жәрмеңкелерін ұйымдастырып, 7 облыстан 10 000-нан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеге қатысқан вакансиялардың үлестік көрсеткіштері былайша: Солтүстік Қазақстан облысы – 2 959 орын, Абай облысы – 104 орын, Шығыс Қазақстан облысы – 2 671 орын, Павлодар облысы – 2 424 орын, Ұлытау облысы – 145 орын, Қарағанды облысы – 1 342 орын және Қостанай облысы – 823 орын.

Тамыз айында Кентау, Арыс, Отырар, Созақ, Бәйдібек, Сауран және Шардара аудандарында Солтүстік Қазақстан облысынан келген делегациямен кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1 341 бос жұмыс орны ұсынылып, 550-ге жуық адам қатысты. Ал қыркүйек айында Павлодар облысының делегациясы Түркістан өңірінің бірқатар аудан-қалаларында 1 521 бос жұмыс орнын ұсынып, 800-ге жуық тұрғынмен кездесті. Бұл көрсеткіштер өңірлер арасындағы ынтымақтастық пен халықты жұмыспен қамту тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадамдар болып табылады.

Ерікті түрде қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау қарастырылған. Әр отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде бір реттік субсидия, 12 ай бойы коммуналдық қызметтерге 15–30 АЕК көлемінде ай сайынғы көмек, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу кезінде үй құнының 50%-на дейінгі экономикалық мобильділік сертификаты (1 160 АЕК-ке дейін) беріледі. Бұл шаралар азаматтардың жаңа өмірге бейімделуін жеңілдетіп, әлеуметтік қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Шығыс шақырады» форумы – ел ішінде еңбек ресурстарының тең бөлінуін қамтамасыз етіп, жаңа өмірге жол ашатын маңызды бастамалардың бірі. Мұндай шаралар өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға және елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосады. Форум аясында ұсынылған вакансиялар мен әлеуметтік қолдау тетіктері өңір тұрғындарының ерікті түрде қоныс аударуына ынталандырушы фактор ретінде қызмет етеді.

Сонымен қатар, форум барысында азаматтардың жаңа өңірлерде тұрмысын жақсарту, біліктілігін арттыру және кәсіби әлеуетін дамыту бағытындағы бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясына сәйкес, халықтың еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған кешенді шаралардың бірі болып табылады.

Түркістан облысы әкімдігі өңірлік деңгейде ұйымдастырылған осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және ішкі көші-қон мәселелерін жүйелі шешуді жалғастыра береді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар