Созақ ауданының әлеуметтік-инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта аудан орталығында бой көтеріп жатқан жаңа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Мұхит Тұрысбеков жұмыс сапары барысында аудан орталығында салынып жатқан бірқатар нысандарды аралап, олардың құрылыс барысымен танысты.
Аймақ басшысы сапар барысында ең алдымен 200 орынға арналған заманауи «Спорттық-сауықтыру кешенінің» құрылыс алаңына барды. Бұл нысан тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына, жастардың спортқа бейімделуіне және бұқаралық спортты дамытуға айрықша серпін бермек. Кешеннің ішінде жүзу бассейні, футбол, бокс және күрес залдары қарастырылған. Әкім нысанды аралау барысында құрылыс сапасын, материалдардың беріктігін және қауіпсіздік талаптарының сақталуын мұқият тексеріп, мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, ол жаттықтырушылар мен спорт нұсқаушыларына спорт жабдықтарының орнатылуы мен қауіпсіздік жүйелеріне осы кезеңнен бастап ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
Бұдан кейін Мұхит Тұрысбеков Жеткіншек мөлтек ауданындағы тұрғын үй құрылыстарын аралап көрді. Қазіргі таңда мұнда жеке инвесторлардың қолдауымен салынып жатқан 2 қабатты 3 тұрғын үй мен екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс алаңдарында соңғы әрлеу, сырлау, түсқағаз жапсыру және аула абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Әкім құрылысшылармен тілдесіп, тұрғын үйлердің инженерлік желілері мен инфрақұрылымдарының сапасына баса назар аударды.
Айта кетсек, биылғы жылы аудан аумағында жалпы екі қабатты 3 тұрғын үйдің және екі пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы қатар жүргізілуде. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен 2 қабатты қосымша 2 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Бұл үйлерде барлығы 16 пәтер қарастырылған. Осылайша аудан орталығында салынып жатқан жаңа тұрғын үйлердің жалпы саны 92 пәтерді құрап отыр.
Болашақта бұл үйлер бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ жас мамандарға беріледі деп жоспарлануда. Бұл бастама өңірдегі әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі — халықты қолжетімді баспанамен қамту міндетін орындауға бағытталған.
Мұхит Тұрысбеков құрылыс басында өткен жиында аудан әкімдігі мен мердігер мекеме басшыларына нақты міндеттер жүктеп, сапаны қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, нысандарды пайдалануға беру мерзімін кешіктірмеу керектігін ескертті.
– Әрбір салынып жатқан нысан – аудан тұрғындарының игілігі үшін. Сондықтан сапа бірінші орында болуы тиіс. Барлық жұмыстар бекітілген мерзімде аяқталып, халықтың пайдалануына берілуі қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс басшылығының тұрақты бақылауында болады, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, өңір басшысы аудан орталығын абаттандыру, жол инфрақұрылымын жақсарту және қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру жұмыстарымен де танысты. Соңғы жылдары Созақ ауданында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде аудан келбеті айтарлықтай жақсарып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артып келеді.
Аудан тұрғындары облыс басшысына көрсетіліп жатқан қолдау мен жасалып жатқан игі істер үшін ризашылығын білдірді. Тұрғындардың айтуынша, соңғы жылдары Созақ өңірінде жол, жарық, ауыз су, мектеп және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы айтарлықтай жанданып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр.
Жаңа баспаналар пайдалануға берілген соң, шамамен 100-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде. Бұл ауданның демографиялық және әлеуметтік дамуына оң әсерін тигізбек.
Созақ ауданындағы бұл бастамалар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Халық игілігі – басты мақсат» қағидасын іске асыру жолында маңызды қадам болып табылады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі




