Түркістан облысында инвестициялық саясатты жетілдіру, жаңа жобаларды қаржыландыру және экономикалық даму қарқынын арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шайхы Жандоспен кездесті.
Кездесуде тараптар өңірдің қазіргі инвестициялық ахуалын, жүзеге асып жатқан жобалар мен алдағы жоспарларды талқылады. Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде Түркістан облысының стратегиялық тұрғыдан еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі екенін атап өтіп, инвесторларға қолайлы жағдай жасау – өңір басшылығының басты басымдығы екенін жеткізді.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыста жалпы құны бірнеше миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 4 793 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Жыл соңына дейін 48 жоба толық іске қосылып, аймақ экономикасына жаңа серпін береді деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, 2028 жылға дейінгі кезеңге арналған 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 23 915 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ. 2024 жылы іске асқан 16 жоба аясында 1 358 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш аймақтағы әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық белсенділіктің артқанын көрсетеді.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жобаларды қаржыландыру кезінде туындайтын бірқатар түйткілдерге тоқталды. Оның айтуынша, кейбір өңірлерде несиелік ресурстарға қолжетімділік төмен, ал кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығы жеткіліксіз деңгейде. Осыған байланысты халық тығыз орналасқан аудандарда арнайы кеңселер ашу, несиелендіру мен инвестициялық кеңес беру орталықтарын құру қажеттігі айтылды. Мұндай орталықтар кәсіпкерлерге қаржыландыру көздерін табуға, құжаттарын рәсімдеуге және жобаларды сүйемелдеуге көмектеседі.
Өз кезегінде Шайхы Жандос өңірдің инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, «Бәйтерек» холдингінің алдағы уақытта Түркістан облысымен өзара іс-қимылды күшейтуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, холдинг биылдың өзінде өңірден ұсынылған жалпы құны 500,8 млрд теңге болатын 6 жобаны мақұлдаған. Бұл жобалар өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіптік кешен бағыттарын қамтиды.
Жандос Шайхы іссапар барысында облыстың өндірістік нысандарында болып, бірқатар инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен, соның ішінде мақта өңдеу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Ол өз сөзінде Түркістан облысының географиялық орналасуы мен еңбек ресурстарының молдығы аймақты инвесторлар үшін ерекше тартымды ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, кездесуде шағын және орта бизнесті қолдау шаралары да кеңінен сөз болды. «Бәйтерек» холдингі өкілдері кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен несие ұсыну тетіктерін таныстырды. Бұл өз кезегінде аймақта жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және жергілікті өнімнің үлесін арттыруға жол ашады.
Тараптар кездесуде сондай-ақ құқықтық-нормативтік базаны жетілдіру, жобаларды іске асыру кезіндегі кедергілерді азайту және мемлекеттік қолдау шараларын күшейту бағыттарын талқылады. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы барлық бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін атап өтіп, инвесторларға ашық диалог пен нақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кездесу соңында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, тараптар өзара әріптестік аясында өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




