Воскресенье, 4 октября, 2026
18.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ҚАҢҒЫБАС ЖАНУАРЛАРДЫ СТЕРИЛИЗАЦИЯЛАУ ШАРАЛАРЫ: НӘТИЖЕЛЕР МЕН АЛҒА ҚОЙҒАН МАҚСАТТАР

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң талаптарына сәйкес, қаңғыбас жануарларды реттеу, олардың бақылаусыз көбеюінің алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл шаралардың негізгі бөлігі — жануарларды уақытша ұстау пункттерінде стерилизациялау және кейін табиғи ортасына қайта жіберу.
Заңға сай, жануар уақытша ұстау орнына түскеннен кейін оның жағдайы бағаланып, төртінші күні стерилизациялау немесе кастрациялау туралы шешім қабылданады. Бұл мерзім жануардың денсаулығын бақылау мен иесі бар-жоғын анықтау үшін қажет.

Операциядан кейін әр жануар ветеринариялық бақылауда ұсталады: ұрғашылар кемінде 11 күн, еркектер 4 күн бойы арнайы торларда болады. Осы кезеңде оларға азық пен су тұрақты түрде беріледі, торлар тазаланып, қажет болған жағдайда қосымша емдік шаралар жасалады. Денсаулығы қалыпқа келген соң, агрессия танытпайтын жануарларға чип пен бирка тағылып, мәліметтер электронды базаға енгізіледі. Сонымен қатар құтыруға қарсы вакцина егіледі. Осыдан кейін жануарлар бұрынғы мекендеу ортасына қайта шығарылады.

2023–2024 жылдары мердігер ұйымдарды анықтау үдерісінің ұзаққа созылуына байланысты жұмыстар уақытша тоқтаған болатын. Ал 2025 жылы «Ветеринариялық қызмет» МКК барлық рұқсат құжаттарын рәсімдеп, үш тәжірибелі ветеринар-дәрігермен келісімшарт жасасып, стерилизациялау жұмыстарын қайта жандандырды.

Бүгінгі күнге дейін 1 302 ит пен 145 мысыққа операция жасалды. Олардың басым бөлігі табиғи ортасына қайта жіберілді: 815 ит пен 91 мысық өз мекендеріне оралды. Сонымен қатар 16 ит пен 43 мысық зооеріктілер мен мейірімді тұрғындардың қамқорлығына берілді. Қазіргі уақытта уақытша ұстау пунктінде 450 ит пен 11 мысық күтімде.

Қаңғыбас жануарлармен жұмыс тек олардың санын шектеу емес, сонымен қатар адам мен жануар арасындағы гуманистік қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталған. Әрбір стерилизациялау шарасы инфекциялық аурулардың, соның ішінде құтырудың таралу қаупін азайтып, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Алдағы уақытта ветеринариялық қызмет мамандары жұмыстың ауқымын кеңейтіп, жануарларды есепке алу мен чиптеу жүйесін толық автоматтандыруды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде қаладағы жануарлар қозғалысын тиімді бақылауға және қаңғыбас ит-мысықтар мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/fGppl-EaPb8?si=bDkH81TXSoKydw-U
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар