Шымкент қаласында табиғи су арналары мен өзендердің экологиялық және инженерлік жағдайын жақсарту бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған. Бұл жұмыстар қаладағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су тасқынының алдын алу және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өткен жылы Қошқар ата өзенінің «Ордабасы» алаңынан Жангельдин көшесіне дейінгі бөлігінде ауқымды абаттандыру жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде өзен жағалауы заманауи келбетке еніп, тұрғындар мен қонақтар үшін демалысқа қолайлы аймаққа айналды. Ал биыл бұл игі іс жалғасын тауып, өзеннің Жангельдин көшесінен Интернациональная көшесіне дейінгі аралығында құрылыс жұмыстары белсенді түрде атқарылуда.
Жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын учаскеде жағалау нығайту, жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны «HYDROLIFE-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Қазіргі таңда жұмыс кестеге сай орындалып, құрылыс желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, Нұртас шағын ауданындағы «Кәусар» көшесінің бойында су тасқынының алдын алу мақсатында жаңа канал құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаның екінші кезеңі сәтті аяқталып, бірінші кезең бойынша ұзындығы 340 метр болатын ирригациялық лоток орнату жұмыстары басталды. Бұл нысанның да құрылысы желтоқсан айына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек, 2024 жылы қала аумағындағы алты елді мекенде (Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас, Қызылжар, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл) Бадам өзенінің арнасын түзеу және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ұзындығы 9 шақырымдық учаске толық пайдалануға берілді. Биыл бұл жұмыстар жалғасып, «HYDROLIFE-2050» ЖШС мердігерлігімен тағы 5,3 шақырым аумақтағы жұмыстардың 70 пайызы орындалды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбектің айтуынша, аталған жобалардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, судың еркін ағуын реттеуге және экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Өзендер мен каналдарды реттеу — тек инженерлік емес, әлеуметтік маңызы бар жұмыс. Бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», – деді қала әкімдігінің ресми өкілі.




