Воскресенье, 4 октября, 2026
18.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАНДА БІРЛІКТІ НАСИХАТТАҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күніне» арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл басқосу – еліміздегі көпұлтты қоғамның ынтымағы мен татулығын, бейбітшілікті және өзара түсіністікті дәріптейтін маңызды мәдени оқиғалардың бірі болды.

Мерекелік жиынның шымылдығы этномәдени бірлестіктердің ұлттық көрмесін тамашалаумен ашылды. Көрмеде өзбек халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыстық бұйымдары, ұлттық киім үлгілері, зергерлік және қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар мен мәдени жәдігерлер қойылды. Қатысушылар дәстүрлі өзбек музыкасын тыңдап, ұлттық би өнерінен де ерекше әсер алды.

Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, облыстық ҚХА жанындағы «Ел бірлігі» депутаттық тобының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, Ассамблея жастары, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты. Бұл – әртүрлі этнос өкілдерінің өз мәдениеті мен тіліне деген құрметін білдірумен қатар, Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың жарқын көрінісі болды.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов қатысып, барша қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде олар еліміздің басты байлығы – тұрақтылық пен бірлік екенін атап өтіп, Ассамблеяның осы бағыттағы маңызды рөліне тоқталды.

Марат Әзілханов өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тарихына кеңінен тоқталып, оның ел дамуы жолындағы маңызын ерекше атап өтті:

«Ассамблея – еліміздің қоғамдық келісім мен азаматтық бірлігінің іргетасы. Соның арқасында біз бейбіт өмір сүріп, ортақ мақсатқа ұмтылып отырмыз. Түркістан өңіріндегі этносаралық татулықтың нығаюы – осының айқын дәлелі», – деді ол.

Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Консулдығының бірінші хатшысы Эркинжан Абдукоюмов те сөз алып, Қазақстанның толеранттылық пен өзара сыйластық қағидаттарын ұстанудағы жетістіктерін жоғары бағалады.

«Қазақстан – этностар арасындағы бейбіт өмірдің, достық пен түсіністіктің үлгісіне айналған мемлекет. Бұл бағыттағы бастамалар тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін де маңызды», – деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, Қазақстан өзбектері «Достық» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадир Ирисметов те жүрекжарды лебіздерін білдіріп, елдің бірлігі мен татулығын сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Татулық пен бейбітшілік – біздің басты құндылығымыз. Біз осы құндылықты ұрпақ санасына сіңіріп, оны болашаққа аманат етуге міндеттіміз», – деді Б. Ирисметов.

Мерекелік жиын барысында этносаралық келісімді нығайтуға, еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан азаматтар марапатталды. Олардың қатарында қоғам белсенділері, мәдениет майталмандары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері бар. Бірқатар азаматтарға Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» және «Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің “Дуслик” қауымдастығына 30 жыл» мерекелік медальдары, сондай-ақ ҚХА-ның «Алғыс» төсбелгілері табысталды.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан өзбектері «Достық» қауымдастығының Алғыс хаттары, Түркістан облыстық мәслихатының Грамоталары және облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хаттары да табысталды. Бұл марапаттар — этносаралық келісім мен ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі.

Мерекелік іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен қоғамдағы маңызына арналған бейнебаян көрсетілді. Онда Ассамблеяның 30 жыл ішінде жүзеге асырған жобалары мен бағдарламалары, этносаралық диалог алаңдарының нәтижелері баяндалды.

Кеш соңында этномәдени бірлестіктер өкілдері мен өнер ұжымдары қатысқан гала-концерт өтті. Сахна төрінде түркі, славян, кәріс, тәжік және өзбек этностарының ұлттық билері мен әндері орындалып, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Түркістан облысының мәдениет майталмандары орындаған композиялар елдің бейбіт өмірі мен ынтымағын дәріптеді.

Сондай-ақ, іс-шара аясында этномәдени бірлестіктердің жас мүшелері қатысқан “Бейбітшілік пен келісім – мәңгілік құндылық” атты жастар форумы өтті. Форумда жас буын өкілдері этносаралық татулықтың маңызын талқылап, өз бастамаларын ортаға салды.

Жалпы, бұл іс-шара – Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы орны мен миссиясын кеңінен танытқан, ұлттар арасындағы достық пен өзара құрметті нығайтқан ерекше мәдени оқиға болды. Түркістан өңірі үшін мұндай кездесулердің маңызы зор, себебі өңір көпэтносты құрылымымен ерекшеленеді және онда 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 17 филиалы, 40-тан астам этномәдени бірлестік, 100-ге жуық қоғамдық келісім кеңестері мен жастар ұйымдары белсенді жұмыс істеуде. Олардың барлығы бір мақсат – елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау жолында қызмет етеді.

Мерекелік іс-шара соңында қатысушылар бірлік пен татулықтың еліміздің дамуындағы басты күш екендігін тағы бір мәрте атап өтіп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар