Түркістан облысында жол инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың сапалы және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылы өңір бойынша жалпы ұзындығы 1 235,6 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен көшелерге құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. Бұл көрсеткіш облыс тарихында соңғы жылдардағы ең ірі көрсеткіштердің бірі болып отыр. Ал жыл қорытындысымен оның 951,4 шақырымы толық пайдалануға берілмек.
Бұл туралы Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы жылы жол құрылысы саласы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде ерекше бақылауға алынған.
«Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 225,2 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар 130,7 шақырым көшеге және елді мекендердегі 885,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – жол сапасын арттыру, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсарту және өңірдің логистикалық әлеуетін көтеру бағытындағы нақты нәтижелі қадам», – деді спикер.
Оның айтуынша, өңірдегі жол сапасын жақсарту ісі тек қалалар мен аудан орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдық аймақтарда да қарқынды жүргізіліп жатыр. Әсіресе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында көптеген ауылдың ішкі жолдары жаңарып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда.
Аталған бағдарлама бойынша 140 елді мекенде жалпы ұзындығы 395,5 шақырым көшелерде құрылыс жұмыстары атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде және облыс әкімінің тікелей бақылауымен іске асып келеді. Жыл соңында жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 94,7 пайызға жеткізу жоспарланған.
«Жол – экономиканың күретамыры. Сол себепті біз сапаға ерекше мән береміз. Барлық құрылыс нысандары “Ұлттық жол активтері сапасы орталығы” РМК Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында. Әрбір нысан бойынша сынама алынып, жолдың төсем қабаттары, асфальттың қалыңдығы мен сапасы арнайы зертханаларда тексеріледі», – деді Қ.Жұматаев.
Сонымен қатар басқарма тарапынан қосымша қаржыландыруды қажет ететін бірқатар ірі жобалар әзірленген. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 132,6 шақырымды құрайтын 7 жол учаскесін және 4 көпірді күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптама қорытындылары алынған. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда облыс жолдарының өткізу қабілеті айтарлықтай артып, көлік қатынасы анағұрлым ыңғайлы болмақ.
Одан бөлек, 33,4 шақырым жаңа жол салуға арналған жобалар әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстар облыстың жаңа шағын аудандары мен тұрғын үйлер көп шоғырланған аймақтарда жүргізілмек.
Айта кету керек, Түркістан облысы республикадағы ең ірі көлік дәліздерінің бірі саналады. Облыс аумағынан республикалық және облыстық маңызы бар ондаған бағыт өтеді. Сондықтан өңірде көлік қозғалысын тиімді бақылау және ауыр салмақты көліктердің жол жамылғысына зиян келтіруін болдырмау мақсатында автоматтандырылған өлшеу жүйелері орнатылып жатыр.
2024–2025 жылдары Арыс қаласындағы Арыс–Темірлан және Арыс–Қабылсай бағыттарына автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылды. Биылғы жылы бұл тізімге Сайрам ауданындағы Қарамұрт–Ақсукент автомобиль жолының бойында екі жаңа станция қосылады. Қазірдің өзінде мердігер мекеме анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кеткен.
Мұндай заманауи өлшеу станциялары көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырумен қатар, ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктеме түсіруін автоматты түрде анықтап, жол жабынының мерзімінен бұрын тозуының алдын алады.
Жол саласын дамытудың тағы бір маңызды бағыты – елді мекендерді облыс және аудан орталықтарымен байланыстыратын жолдарды кешенді жаңарту. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауда және туризм бағыттарын дамытуда шешуші рөл атқарады.
Облыс орталығы Түркістан қаласы бүгінде халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналып келеді. Сондықтан қала маңындағы жолдар мен көше инфрақұрылымының жағдайы ерекше назарда. Мұнда жаңа айналма жолдар салынып, ескі көшелер жаңғыртылуда. Қаланың кіреберіс бағыттарында жаңа жарық шамдар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары салынуда.
Ауылдық жерлерде де жол мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Әсіресе, Созақ, Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Мақтаарал аудандарында ауылішілік жолдарды жөндеу мен қиыршық тас төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – ауыл тұрғындарының мектепке, емханаға және жұмыс орындарына бару жолдарын айтарлықтай жеңілдетіп отыр.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы 12 мың шақырымнан асады. Соның ішінде 90 пайыздан астамы жақсы және қанағатты жағдайда болуы – өңірдегі жол саясатының жүйелі жүргізілуінің нақты нәтижесі.
Маманның айтуынша, алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Жолдарды жаңарту ісіне республикалық бюджеттен бөлек, халықаралық қаржы ұйымдарының, инвесторлардың және жеке серіктестіктердің қаражаты тартылуда.
Бұған қоса, Түркістан облысы бойынша жол саласына жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Соның бірі – суық қайта өңдеу әдісі. Бұл тәсіл арқылы жолдың тозған қабаты қайта өңделіп, экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді жаңа жамылғы жасалады. Сонымен қатар, жол салуда жергілікті материалдар мен отандық өнімдерге басымдық берілуде.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысында автомобиль жолдарын дамыту – аймақтың әлеуметтік-экономикалық және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді, стратегиялық маңызы бар жұмыс.
Жыл соңына дейін жоспарланған жобалардың толық жүзеге асуы өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға, көлік қозғалысын қауіпсіз әрі тиімді етуге зор мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




