Воскресенье, 4 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ӨЛШЕУ СТАНЦИЯЛАРЫ ОРНАТЫЛАДЫ: ЖҮК КӨЛІКТЕРІНЕ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ

Түркістан облысында автомобиль жолдарының сапасын сақтап, ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдауының алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары өңірдің көлік логистикасы айтарлықтай қарқын алған. Өңір арқылы өтетін республикалық және халықаралық маңызы бар жолдар жүк айналымының негізгі бағытына айналғандықтан, жол жамылғысын сақтау, көлік қауіпсіздігін арттыру және инфрақұрылымды қорғау — басты басымдықтардың бірі болып отыр.

Осы мақсатта облыс аумағында 7 дана автоматтандырылған өлшеу станциясын (АӨС) орнату жоспарланған. Бұл бастама ҚР Цифрлық даму, көлік және инфрақұрылым министрлігінің жалпыұлттық цифрландыру бағдарламасымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда екі станция толық іске қосылып, жүк көліктерінің қозғалысын онлайн режимде бақылайтын жүйе ретінде жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін қосымша тағы екі станция орнатылып, олардың деректері өңірлік көліктік бақылау жүйесіне біріктіріледі.

Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, мұндай заманауи бақылау тетіктері жолдардың сақталуын қамтамасыз етумен қатар, әкімшілік бақылауды жеңілдетеді.

«Қазіргі таңда ауыр жүк тасымалдаушылар тарапынан 1 045 құқықбұзушылық анықталып, 524 миллион теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 125,1 миллион теңгесі мемлекет кірісіне өндірілді. Бұл — жол инфрақұрылымын қорғау бағытындағы нақты нәтиже. Алдағы уақытта автоматтандырылған станциялар саны артқан сайын, тәртіп бұзушылықтар да едәуір азаяды деп күтеміз», — деді ол.

Маманның айтуынша, жүк көліктерінің шамадан тыс салмақпен жүруі тек жолдың сапасына ғана емес, көлік қатынасының қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Ауыр көліктердің дөңгелек қысымы мен діріл әсерінен асфальт төсемі үгітіліп, шұңқырлар мен жарықтар пайда болады. Мұндай зақымдарды жөндеу жыл сайын жүздеген миллион теңге бюджет қаражатын қажет етеді.

Сондықтан автоматтандырылған өлшеу жүйелері – жолды сақтау мен экономикалық тиімділіктің бірегей құралы. АӨС станциялары арқылы көлік ағынын үздіксіз қадағалау мүмкіндігі артып, салмақ нормасын бұзған көліктер туралы ақпарат автоматты түрде орталық базаға түседі. Бұл процесс адам факторын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.

“Түркістан бойынша көліктік бақылау инспекциясы” РММ басшысы Ербол Ахметов те бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды:

«Арыс қаласына қарасты КХ-8 және КХ-92 автомобиль жолдарында автоматтандырылған өлшеу станциялары жұмыс істеп тұр. Бұл — өңірдегі көлік қозғалысын бақылаудың заманауи тәсілі. Бір осьтік көліктерге 10 тонна, екі осьтікке 18 тонна, үш осьтікке 20 тонна, ал тіркемелі ауыр көліктерге 50 тоннаға дейін жүк артылуына рұқсат етіледі. Бұл талаптардың сақталуы жолдың ұзақмерзімділігіне тікелей әсер етеді», — деді ол.

Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі транзиттік әлеуеті жоғары аймақтардың бірі саналады. Облыс арқылы өтетін республикалық және халықаралық маңызы бар магистральдар – Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай бағытындағы жүк ағынын қамтамасыз ететін стратегиялық дәліздер. Осы себепті, өңірде көліктік инфрақұрылымды сақтау және жаңғырту мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

АӨС жүйесі — цифрлық мониторингтің заманауи үлгісі. Ол көлік құралдарының салмағын, қозғалыс жылдамдығын, осьтер саны мен жүктеме таралуын миллисекунд ішінде өлшейді. Әр көлікке жеке ID тіркеледі, ал мәліметтер бұлттық деректер қорына автоматты түрде жіберіледі. Осылайша, кез келген көліктің қозғалыс тарихын және бұзушылықтарын нақты уақыт режимінде көруге мүмкіндік туады.

Мамандардың пікірінше, мұндай жүйелердің енгізілуі Түркістан облысында жол төсемдерінің қызмет ету мерзімін орта есеппен 25–30 пайызға арттырады. Бұл өз кезегінде жөндеу және қайта төсеу шығындарын айтарлықтай үнемдейді. Сонымен қатар, экологиялық тұрғыда да тиімді — шамадан тыс жүк артқан көліктердің қозғалысы азайса, көмірқышқыл газының шығарылуы да төмендейді.

Бұдан бөлек, жүк тасымалдаушылар арасында тәртіптілік пен жауапкершілік артып келеді. Облыс әкімдігінің қабылдауында өткен кездесулерде жүргізушілер мен тасымалдаушы компаниялар заң талаптарын түсініп, салмақ шектеулерін сақтау қажеттігін мойындаған. Бұл өз кезегінде диалог мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде жол инфрақұрылымын дамыту мен қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Әкімнің тапсырмасымен барлық аудан мен қала аумағында көлік қозғалысын цифрландыру және салмақ бақылау нүктелерін көбейту жұмыстары жалғасуда.

«Біздің басты мақсатымыз – жолдың сапасын сақтау ғана емес, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылы күшейтіледі», — деп атап өткен болатын әкім.

Болашақта Түркістан облысының барлық негізгі трассаларында автоматтандырылған өлшеу жүйелерін орнату жоспарланған. Әсіресе, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізінің бойындағы учаскелерде бақылау күшейтіледі. Бұл — тек аймақтық емес, республикалық деңгейдегі стратегиялық бастама.

Көлік логистикасы – өңір экономикасының басты қозғаушы күштерінің бірі. Ал жол сапасының сақталуы мен көлік қозғалысының қауіпсіздігі – тұрақты даму кепілі. Сол себепті, автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату тек техникалық шешім емес, ол — Түркістан облысының болашағына салынған инвестиция.

Осылайша, жаңа технологиялардың енгізілуі көлік тасымалы саласын жаңа деңгейге көтеріп, цифрлық бақылау жүйесін жетілдіруге, ал ең бастысы – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болып отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар