Воскресенье, 4 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТТЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Бұл мерейтой еліміздің азаматтық қорғаныс жүйесінің қалыптасу және даму тарихындағы ерекше белес болып саналады. Осыған орай Шымкент қаласында Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылып, онда сала мамандарының қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегі жоғары бағаланды.

Мерекелік іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлерін, ардагерлерін және жас мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде азаматтық қорғаныс саласының маңыздылығын атап өтіп, төтенше жағдайлардың алдын алу мен зардаптарын жою бағытындағы жұмыстардың қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауда шешуші рөл атқаратынын айтты.

– Еліміздің тыныштығы мен азаматтардың өмірін қорғау – үлкен жауапкершілік пен ерлікті талап ететін қасиетті міндет. Сіздердің еңбектеріңіз батылдықтың, өз ісіне адалдықтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Әрбір құтқарушының артында мыңдаған отбасының амандығы мен қауіпсіздігі тұр. Осы мерейлі күні баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық және кәсіби қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді қала әкімі.

Жиын барысында қызметінде үздік нәтижелерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлерге қала әкімінің Алғыс хаттары мен марапаттар табыс етілді. Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаментіне заманауи үлгідегі арнайы өрт сөндіру көліктері мен құтқару техникасының кілттері тапсырылды. Бұл жаңа техника апатты жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге, тұрғындарға көмек көрсету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында қала әкімі мен қонақтар Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған арнайы техникалық көрмені тамашалады. Онда өрт сөндіру, авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстарына арналған жаңа буын техникалар, қорғау құралдары мен заманауи жабдықтар таныстырылды.

Бүгінде Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында 10 өрт сөндіру бекетінің мамандары мен жедел-құтқару жасағының қызметкерлері бар. Барлығы да тәулік бойы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған.

Қала аумағының қарқынды дамуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және әрекет ету жүйесін жетілдіру бағытында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асуда. Соның ішінде жаңа өрт сөндіру бекеттерін салу, жедел жәрдем мен полиция қызметін біріктіретін көпфункционалды қауіпсіздік орталығын құру жоспарланған. Бұл жобалар тұрғындардың қауіпсіздігі мен апат жағдайларына ден қою сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Соңғы жылдары сала қызметін материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету айтарлықтай жақсарған. Құтқарушыларға арналған өртке қарсы сынақ зертханасы мен медициналық пункт ашылып, 43 жаңа құрал-жабдық сатып алынды. Сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби дайындығын арттыру мақсатында арнайы спорт алаңы мен жаттығу полигоны салынды.

Осылайша, азаматтық қорғаныс органдарының 30 жылдығы тек мерекелік күн ғана емес, сала жетістіктерін бағамдап, болашақтағы міндеттерді айқындайтын маңызды сәтке айналды. Шымкент қаласының құтқарушылары ел тыныштығын қорғаудағы жауапты қызметін абыроймен жалғастыруда.

#РСКШЫМКЕНТ #ТЖМ30ЖЫЛ #ҚҰТҚАРУШЫЛАРКҮНІ #ШЫМКЕНТ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар