Воскресенье, 4 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТАРИХ ҚАЙТАЛАНДЫ, БІРАҚ БҰЛ ЖОЛЫ ЖЕҢІС – ШЫМКЕНТТІК БАЛУАН ЖАҒЫНДА! АЛТЫН БЕЛБЕУ ИЕСІ – МАРАТ БАЙҚАМҰРОВ

Қазақ күресінің абыройын асқақтатып, ұлттық намыстың туын биікке көтерген айтулы жарыс – «Қазақстан барысы – 2025» республикалық турнирі ел тарихында жаңа бет ашты. Астана қаласындағы «Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында» өткен айтулы додада шымкенттік балуан, ел үмітін арқалаған Марат Байқамұров алтын белбеуді иеленіп, «Қазақстан барысы» атағының иегері атанды. Бұл жеңіс – тек спорттық жетістік емес, Шымкент қаласы үшін тарихи оқиға ретінде бағалануда. Себебі осы турнирдің он бес жылдық тарихында алғаш рет дәл осы өңірдің балуаны чемпиондық тұғырға көтеріліп отыр.

Финалдық белдесуде Марат Байқамұров Абай облысының мықты балуаны Ерасыл Қажыбаевпен күш сынасты. Екі спортшы да тәжірибелі, қазақ күресінің майталмандары саналады. Қос қарсылас арасындағы бәсеке көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Марат финалға дейінгі бес кездесуінде қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, айқын басымдықпен жеңіп шыққан болатын. «Найман» деген лақап атымен танымал балуан шешуші сәтте де өз тактикалық шеберлігі мен физикалық мықтылығын дәлелдеп, қарсыласын таза жеңіп, тарихи алтын белбеуге қол жеткізді.

Бұл жеңіске бүкіл Шымкент жұрты ерекше қуанып отыр. Өйткені өткен жылы дәл осы турнирдің финалында шымкенттік балуан Ерсұлтан Мұзаппаров Абай облысының өкілі Ерасыл Қажыбаевқа есе жіберген еді. Бір жыл бұрынғы сол жеңіліс спорт жанкүйерлерінің санасында қалып қойған болатын. Ал биылғы додада Марат Байқамұров сол кеткен есені қайтарып, тарихи әділдікті орнатты десек артық емес.

Марат Байқамұровтың жеңісі – оның жеке еңбегі ғана емес, шымкенттік спорт мектебінің жүйелі дайындығының, жаттықтырушылар еңбегінің, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жемісі. Бұл – ұлттық спорттың қайта өрлеуіне серпін берген ерекше оқиға. Мараттың өзі үшін бұл турнир «Қазақстан барысына» үшінші рет қатысуы болса, осы жолы оның спорттық мансабындағы ең биік шыңы бағынды. Бұл жеңіс оның күрес өнеріндегі тәжірибесінің толысқанын, нағыз чемпионға тән мінез-қасиеттердің қалыптасқанын көрсетті.

Қазақ күресі – халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық спорты, батырлықтың, ерліктің, намыстың символы. «Қазақстан барысы» турнирі осы рухани құндылықты заманауи деңгейде жаңғыртып, бүкіл елдің назарын ұлттық спортқа аударып отыр. Ал Марат Байқамұровтың жеңісі – жастарға үлгі, ерік-жігер мен табандылықтың жарқын көрінісі. Бұл жеңіс ел ішінде спортқа деген қызығушылықты арттырып, жаңа чемпиондардың қалыптасуына жол ашады.

Марат Байқамұровқа алтын белбеу табысталып қана қоймай, ол ұлттық мақтаныш ретінде тарихқа енді. Бұл жеңіс – тұтас Шымкент өңірінің мерейін үстем етіп, қазақ күресінің дамуына жаңа тыныс береді. Турнир қорытындысы көрсеткендей, Қазақстанның әр өңірінен шыққан жас балуандар ұлттық спортты әлемдік деңгейге шығаруға дайын. Ал Мараттың жеңісі – сол жолдағы айқын қадам.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар