Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған шаралар аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды заманауи энергетикалық көздерге қосу, сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жүзеге асырылуда. Газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен орындалып, нақты жоспар мен жобалық құжаттар негізінде іске асырылуда.
Өткен жылдардағы жұмыстардың нәтижесінде Жетісай ауданында барлығы 105 елді мекеннің 91-і табиғи газға қосылған. Бұл көрсеткіш қазіргі таңда жалпы тұрғындардың 86,6 пайызын «көгілдір отынмен» қамтиды. Аудандағы энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында қазіргі уақытта тағы 3 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар, 10 елді мекенде жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, алдағы кезеңде газбен қамтамасыз етуге дайындық жүргізілуде.
Жетісай ауданында газдандыру ісі жыл сайын қарқынды дамып келеді. Мәселен, өткен жылы аудандағы 4 елді мекен табиғи газға қосылған болса, осы жылдың басынан бері қосымша 11 елді мекен газдандырылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы нақты істер атқарылды. Жақында Жаңа ауыл ауылдық округінің Атақоныс елді мекенінде табиғи газ пайдалануға берілді.
Аталған шараға аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков, сондай-ақ «QazaqGazAimaq» Жетісай аудандық филиалының басшысы Бақтыбай Акеев қатысты. Олар тұрғындарды құттықтап, табиғи газды пайдалану артықшылықтарын атап өтті. Сонымен қатар газ инспекциясының өкілдері абоненттерге газ құрылғыларын дұрыс пайдалану ережелерін түсіндіріп, жаднамалар таратты.
Атақоныс елді мекенінің тұрғындары бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген болса, енді «көгілдір отынды» пайдалана алады. Бұл газдандыру жобасы республикалық бюджеттен бөлінген 527 млн 481 мың теңгеге жүзеге асырылған. Газ құбырының жалпы ұзындығы 21,9 шақырымды құрап, ауылдағы 2709 тұрғыны бар тұрғындардың 374 абоненті жаңа жүйеге қосылды. Енді тұрғындар экологиялық таза энергия көзін қолдану арқылы өз үйлерінде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүре алады.
Сала мамандары жыл соңына дейін 10,5 мың тұрғыны бар тағы 9 елді мекенді табиғи газға қосып, газдандыру көрсеткішін 2027 жылы 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жоспар ауданның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, сондай-ақ өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудың алғышарттарын жасауға бағытталған. Газдандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі экологиялық жағдайды жақсартуға, ауа сапасын арттыруға, көмір жағу салдарынан туындайтын зиянды шығарындылардың азаюына ықпал етеді.
Түркістан облысында газдандыру жобасы тек тұрғындардың тұрмысын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік дамуға да оң әсерін тигізеді. Әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік объектілердің газдандырылуы аудандағы шағын және орта бизнес өкілдеріне қызмет көрсету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Газ инфрақұрылымының кеңеюі ауылдық және кенттік аймақтардың даму әлеуетін арттыруға, заманауи энергетикалық стандарттарға көшуге, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Аталған жұмыстар нәтижесінде Жетісай ауданы Қазақстан Республикасының цифрлық және экологиялық даму стратегиясына сәйкес, тұрғындарды сапалы газбен қамтамасыз ететін өңірлердің алдыңғы қатарында тұр. Бұл жобаның табысты іске асуы келешекте тұрғындардың тұрмыстық шығындарын азайтып, энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, газдандырудың кеңеюі тұрғындардың денсаулығын сақтау, экологиялық таза өмір сүру, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы жаңартылған технологияларды енгізу мүмкіндігін береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




