Воскресенье, 4 октября, 2026
11.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БОЙ КӨТЕРЕТІН НЫСАНДАРДЫҢ СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында құрылыс саласын дамыту, жаңа нысандардың сәулеттік шешімдерін жетілдіру және өңірдің бірегей келбетін сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында өңірде салынатын ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың сәулеттік жобалары жан-жақты талқыланды. Кеңеске қала және аудан әкімдері, салалық басқармалар мен бөлімдердің басшылары, сәулетшілер, жобалаушылар және жеке инвесторлар қатысты.

Отырыстың басты мақсаты – облыс аумағында бой көтеретін жаңа нысандардың сәулеттік және дизайндық шешімдерінің бірыңғай стандартқа сай болуын қамтамасыз ету, өңірдің тарихи-мәдени ерекшелігін сақтау және заманауи талаптарға үйлесімді қалалық орта қалыптастыру. Кеңесте Түркістан қаласы мен облыс аудандарындағы бірқатар маңызды жобалар таныстырылып, олардың сәулеттік үйлесімділігі мен инженерлік құрылымдары бойынша нақты ұсыныстар қаралды.

Жиынды ашқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістан қаласының мәртебесі мен тарихи маңыздылығына ерекше тоқталды.
📌– Түркістан – тек облыс орталығы ғана емес, күллі қазақ халқының рухани астанасы. Сондықтан мұнда салынатын әрбір ғимараттың сәулеттік пішіні, түс үйлесімі, материал сапасы және жалпы көрінісі қатаң бақылауда болуы тиіс. Біздің мақсат – ұлттық нақышты сақтай отырып, заманауи сәулет үлгісін енгізу. Қала көркі мен инфрақұрылым деңгейі халқымыздың мәдениеті мен талғамының көрінісі болуға тиіс, – деді аймақ басшысы.

Кеңесте Түркістан қаласының басты көшелерінің бірі саналатын Тәуке хан даңғылы мен Байбұрт көшесін байланыстыру жобасы таныстырылды. Бұл бағыттағы жұмыс көлік қозғалысын жеңілдетіп, қаланың ішкі инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Рәміздер алаңының жаңа сәулеттік концепциясы көрсетілді. Жоба авторлары мемлекеттік рәміздердің маңызын айшықтайтын, ұлттық идея мен заманауи көркем шешімдерді ұштастыратын алаң жобасын ұсынды.

Әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеретін жаңа мейрамхана мен қонақ үй кешенінің сәулеті де талқыланды. Бұл нысандар Түркістанға келетін туристер мен шетелдік қонақтарды қабылдауға, қаладағы туристік инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған. Облыс басшысы бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде сапа мен экологиялық стандарттарды сақтауға, сондай-ақ абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Кеңес барысында тек облыс орталығы ғана емес, аудандық деңгейдегі жобалар да қаралды. Мәселен, Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов елді мекенінің орталық көшесін абаттандыру және ғимараттардың қасбеттерін жаңарту жобасы таныстырылды. Аталған бастама елді мекеннің эстетикалық келбетін жақсартуға, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ, Иірсу елді мекенінде аллея мен қарау алаңын салу жобасы ұсынылып, оның өңір тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай туғызатыны айтылды.

Созақ ауданындағы жобалар да назардан тыс қалмады. Мұнда Шолаққорған елді мекенінің орталық көшесін абаттандыру, ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру және «Баба Түкті Шашты Әзиз» кесенесінің аумағын абаттандыру бағытындағы ұсыныстар талқыланды. Әкім кесененің тарихи және рухани маңызына тоқталып, оның айналасын көркейту, зиярат етуге қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Бұл жоба өңірдегі тарихи туризмді дамытуға және мәдени мұраны сақтау ісіне өз үлесін қосады деп күтілуде.

Кеңес барысында сәулетшілер мен жобалаушылар жаңа нысандардың техникалық және көркемдік шешімдері туралы өз пікірлерін білдірді. Кейбір жобаларға қатысты нақты түзетулер мен толықтырулар енгізу қажеттігі айтылды. Аймақ басшысы сәулет пен құрылыс саласында жүйелі үйлесім болу керектігін атап өтіп, барлық жобалардың өңірдің бірыңғай дизайн кодына сай болуын талап етті. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің көркемдік тұтастығын сақтап, заманауи және тарихи элементтердің үйлесімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық жауапты басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне жобаларды сапалы әрі уақытылы орындау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Ол әрбір нысанның құрылысы кезінде инженерлік желілердің дұрыс тартылуы, көгалдандыру мен жарықтандыру жұмыстарының уақтылы атқарылуы, құрылыс материалдарының сапасына тұрақты бақылау орнатылуы қажет екенін қатаң ескертті.

– Біз бүгін тек ғимараттардың жобасын ғана емес, болашақ ұрпақ көретін, мақтанышпен қарайтын жаңа Түркістанның келбетін қалыптастырып отырмыз. Сондықтан әрбір құрылысшы, сәулетші мен инвестор өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, сапаға баса мән беруі тиіс, – деді өңір басшысы.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар арасында нақты тапсырмалар мен мерзімдер белгіленіп, жобалардың іске асырылу барысы тұрақты бақылауға алынатын болды. Сонымен қатар, облыс әкімдігі тарапынан жаңа жобалардың іске асырылу кезеңінде қоғамдық пікір мен тұрғындар ұсыныстарын ескеру, жобаларды экологиялық және тарихи тұрғыдан сараптау, сәулеттік шешімдерді сарапшылар кеңесінде алдын ала келісу тетіктері жетілдірілетіні атап өтілді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында сәулет және қала құрылысы саласында айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары өңірде ондаған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар бой көтеріп, қалалар мен аудандардың келбеті айтарлықтай өзгерді. Бұл өзгерістердің барлығы өңірдің даму стратегиясына сай жүзеге асырылып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Облыс әкімінің бастамасымен сәулет жобаларын қоғамдық және кәсіби деңгейде талқылау тәжірибесі енгізілген. Бұл тәсіл нысандардың сапасын арттырып қана қоймай, олардың функционалды және эстетикалық талаптарға сай болуын қамтамасыз етеді. Әрбір жаңа жоба Түркістанның тарихи-мәдени келбетін сақтай отырып, заманауи қала мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуы тиіс.

Жиын соңында Нұралхан Көшеров Түркістан облысының сәулетшілерін, құрылысшыларын және инвесторларын өңірдің даму мақсаттарына үлес қосуға шақырды. Ол сәулеттік жобалар тек ғимараттар мен инфрақұрылым салу емес, халықтың өмір сапасын арттыратын кеңістік қалыптастыру екенін атап өтті. Әкім облыстағы сәулет пен құрылыс саласын жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін барлық жауапты құрылымдардың бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін айтты.

Осылайша, өткен кеңес отырысы өңірде құрылыс және сәулет саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Түркістан облысы әкімдігі алдағы уақытта да өңірдің сәулеттік келбетін заманауи талаптарға сай жетілдіруді және ұлттық рухқа негізделген қала мәдениетін қалыптастыруды жалғастырмақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар