25 қазан – Республика күні Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен ұлттық бірегейлігін айқындайтын айрықша тарихи мереке болып табылады. Осыған орай Шымкент қаласында қазақстандықтардың рухын көтеретін, елжандылық сезімді нығайтатын және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін түрлі мәдени, патриоттық және тағылымдық іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарламалар бірнеше күнге жоспарланған және барлық жастағы тұрғындарға арналған.
Мерекелік шаралар 24 қазан күні басталады. Сағат 16:00-де «Қызғалдақ» сарайында салтанатты ресми жиын өтеді. Бұл шарада қала дамуына сүбелі үлес қосқан қоғамдық қайраткерлер, кәсіпкерлер, ұстаздар, мәдениет және спорт саласының өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталады. Бұл – ел дамуына үлес қосқан тұлғаларға деген жоғары құрметтің айқын көрінісі.
25 қазан күні сағат 10:00-де «Шымсити» саябағында орналасқан Ту тұғырында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтеді. Бұл рәсім – егемендік пен ұлттық тұтастықтың символы ретінде ерекше маңызға ие. Ту көтеру сәтінде әскери қызметкерлердің салтанатты шеруі, мемлекеттік әнұранның шырқалуы патриоттық рухты арттырып, жиналған көпшілікке рухани серпін береді.
Осы күні сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін «Астана» алаңында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған жалпы халықтық мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Іс-шара барысында Шымкент қалалық қуыршақ театры мен цирк әртістерінің қойылымдары ұсынылып, балалар үшін ойын-сауық алаңдары құрылмақ. Ұлттық дәстүрлерге негізделген театрландырылған көріністер, «Салт-дәстүр шеруі», халық әндері мен күй орындаушыларының арнайы бағдарламасы көпшіліктің назарын аударады. Сонымен қатар, отандық авторлар мен баспа үйлерінің қатысуымен өткізіліп жатқан кітап жәрмеңкелері қонақтарға тарихи-мәдени бағыттағы жаңа әдебиеттерді таныстыруға мүмкіндік береді.
Кешкі уақытта мереке өз жалғасын тауып, сағат 19:00-де ашық аспан астында ауқымды гала-концерт өтеді. Концерт бағдарламасына еліміздің эстрада жұлдыздары – Ғазизхан Шекербек, Ұшқын Жамалбек, Мадина Сәдуақасова, Еңлік, Әсет Есжан және «Заман», «Жігер» топтары қатысады. Концерт көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ұлттық музыка өнерінің дамуына да серпін береді.
Республика күні – мемлекетіміздің егемендігін, ұлттық рухын және татулығын ұлықтайтын маңызды мереке. Шымкент қаласында өтетін шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына ұлт тарихын терең тануға, мемлекетке деген сүйіспеншілікті арттыруға және қоғамда бірлік пен келісім құндылықтарын насихаттауға бағытталған.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/gSXgfOMsv2U?si=QnX04tpIXegMe40Z
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




