Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен қазақ күресінен XV республикалық «Қазақстан барысы – 2025» турнирі биыл ерекше тартысты өтті. Дәстүрлі турнирге еліміздің барлық өңірлерінен үздік палуандар қатысып, ұлттық күрес өнерінің мәртебесін асқақтатты. Осындай ауқымды додада Шымкент қаласының намысын қорғаған балуан Марат Байқамұров қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, алтын белбеуді иеленіп, «Қазақстан барысы» атағын ресми түрде жеңіп алды. Бұл жеңіс – тек бір спортшының емес, бүкіл Шымкент спорт мектебінің беделін көтерген тарихи оқиға.
Финалдық белдесуде Марат Байқамұров Абай облысының мықты палуаны Ерасыл Қажыбаевпен кездесті. Белдесу басталған сәттен-ақ шымкенттік спортшы тактикалық шеберлік танытып, қарсыласының қателіктерін нақты пайдаланды. Бұған дейін ол бес қарсыласын тізе бүктіріп, финалға сенімді түрде жолдама алған болатын. «Найман» деген лақап атпен танылған палуан шешуші жекпе-жекте де қарсыласына басымдық танытып, ел тарихындағы ең мықты палуандардың бірі екенін дәлелдеді.
Айта кету керек, «Қазақстан барысы» турнирінің 15 жылдық тарихында алғаш рет Шымкент қаласының спортшысы чемпион атанып отыр. Бұл – өңір спортының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін ерекше жетістік. Бұған дейін 2024 жылы өткен турнирдің финалында дәл сол Ерасыл Қажыбаев шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты жеңіп, бас жүлдені алып кеткен болатын. Биылғы додада Марат Байқамұров сол кеткен есені қайтарып, шымкенттік жанкүйерлердің үмітін ақтады.
Марат Байқамұровтың бұл жеңісі – оның табандылығы мен көп жылғы еңбегінің жемісі. Бұл турнирге оның үшінші мәрте қатысуы болса, биылғы көрсеткіші – ең сәтті әрі тарихи мәнге ие нәтиже. Спортшының жеңісі Шымкент қаласы үшін үлкен мәртебе болып саналады. Сонымен қатар, бұл оқиға жас спортшыларға шабыт беріп, ұлттық күрес мектебінің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Ұлттық рухты көтерген бұл жеңіс – отандық спорттың өркендеуіне қосылған зор үлес. Шымкент қаласы өз батырын мақтан тұтады, ал Марат Байқамұровтың есімі қазақ күресінің тарихында алтын әріппен жазылары анық.




