«Әділетті Қазақстанды құру жолында тек экономикалық көрсеткіштерді ғана емес, сонымен қатар қоғамдық және саяси өмірді жаңғыртуға бағытталған нақты шаралар қолға алынды. Осы уақыт ішінде азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді түрде араласа бастады, бұл елдегі демократиялық қағидаттардың нығаюына айқын дәлел болып отыр.
Саяси реформалар аясында ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланатын болды. Бұл жаңа жүйе әкімдер мен тұрғындар арасындағы байланысты күшейтті, билік пен қоғам арасындағы сенімділікті арттырды. Ауыл әкімдерінің барлығы жаңарып, ал аудан әкімдерінің 25 пайызы өзгерді. Мұның өзі билік жүйесінде бұрын-соңды болмаған түбегейлі өзгерістердің жүзеге асқанын көрсетеді.
Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнығып, саяси құрылым айтарлықтай тұрақтылыққа ие болды. Бұл қағида билік тармақтарының өзара үйлесімділігін қамтамасыз етіп, шешім қабылдау сапасын арттырды. Айта кетейік, осы аймақтағы билік жүйесінде мұндай ауқымды реформалар бұрын-соңды орын алған емес.
Саяси реформалардың нәтижесінде қоғамда түбегейлі жаңғыру процесі басталды. Бұл тек мемлекеттік басқарудағы өзгеріс қана емес, азаматтардың өз құқықтарын, жауапкершілігін сезінуіне және қоғамдық шешімдерге белсенді қатысуына мүмкіндік беретін жүйелі өзгерістер. Реформаларды жүзеге асыруға біз аса қиын, күрделі кезеңде кірістік: әлемдік пандемия, алпауыт елдердің санкциялық текетірестері, қалыптасқан сауда жолдарының бұзылуы, түрлі қақтығыстар мен аймақтық соғыстар дүниежүзілік экономикалық ахуалға айтарлықтай әсер етті. Бұл факторлар Қазақстан экономикасына да салқынын тигізді.
Дегенмен, біз дер кезінде қажетті шараларды қабылдадық. Экономиканың әлеуетін сақтай отырып, оны жаңа серпінмен дамытуға кірістік. 2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім шамамен 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар деңгейінде болады деп күтілуде, бұл көрсеткіш одан әрі де артуы мүмкін. Бұл Қазақстанның аймақтағы ең ірі экономикалық қуатының бар екенін айқын дәлелдейді.
Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артты және 14 400 долларға жетті, бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып саналады. Сонымен қатар, Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 миллиард долларға жетті. Соңғы жеті жыл ішінде сыртқы сауда айналымы 83 пайызға өсіп, бүгінде 142 миллиард доллар деңгейіне жетті.
Осы көрсеткіштер еліміздің экономикалық тұрақтылығын, дамуға деген күш-қуатын және халықаралық аренадағы сенімділігін айқын көрсетеді. Қазақстанның экономикалық серпіні мен реформалар нәтижесі тек цифрлық деректерде ғана емес, әрбір азаматтың өмір сапасының жақсаруы мен мүмкіндіктерінің кеңеюінде де көрініс табуда. Біз алдағы жылдары бұл көрсеткіштерді әрі қарай арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын одан әрі көтеруге бағытталған нақты іс-шараларды жүзеге асырудамыз.»




