Вторник, 6 октября, 2026
7.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Қазақстан мен Ауғанстан кәсіпкерлері іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды бизнес-форум өтуде. Бұл халықаралық деңгейдегі іс-шараға екі елдің кәсіпкерлері, мемлекеттік органдар мен сала сарапшылары қатысып, сауда, инвестиция, логистика, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың нақты мүмкіндіктерін талқылап, өзара тәжірибе алмасуда. Форумның мақсаты – екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету, өңірлік интеграцияны нығайту және жаңа инвестициялық серіктестіктерді қалыптастыру.

Салтанатты ашылуында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сөз сөйлеп, форум қатысушыларын құттықтады. Ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты өсіп келе жатқанын атап, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді. «Қазақстан Үкіметі атынан барша меймандарды, сондай-ақ Ауғанстаннан келген кәсіпкерлерді елімізде көргенімізге қуаныштымыз. Екі ел арасындағы қарым-қатынас жылдан-жылға күшейіп келеді. Ауғанстан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі және біздің өңірлік саясатымызда стратегиялық мәнге ие мемлекет. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ерекше мән береміз», – деді министр.

Серік Жұманғарин соңғы жылдардағы сауда көрсеткіштерін де сөз етті. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 545 миллион АҚШ долларын құраса, биыл алғашқы сегіз айда бұл көрсеткіш 280 миллион долларға жеткен. Министрдің айтуынша, кейбір өнім түрлері бойынша аздаған төмендеу байқалғанымен, биыл бидай экспорты 2,9 есеге, ал мұнай өнімдері мен көлік құралдары экспорты 100 пайызға дейін артқан. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде бидай, күріш, қант және басқа да негізгі тауарларды Ауғанстан нарығына жеткізуді ұлғайтуға мүдделі.

Форум барысында Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетті мүмкіндіктерге тоқталып, экспорттық бағыттарды кеңейту үшін Бейнеу логистикалық терминалының әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды. Сонымен қатар өнеркәсіп пен көлік саласында да бірлескен жобаларды іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Мұндай бастамалар екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті нығайтып, жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және сауда көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар