Шымкент қаласында заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жыл сайын жаңа серпінмен жалғасуда. Бұл бастама қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосуда.
2021 жылдан бері жеке инвесторлардың қатысуымен елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, соңғы үш жыл ішінде қаладан шалғай орналасқан 60-қа жуық елді мекен заманауи байланыс инфрақұрылымына қосылып, 500 мыңнан астам тұрғын кең жолақты интернетке қол жеткізді. Бұл — білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызметтер салаларында цифрлық мүмкіндіктердің кеңеюіне жол ашқан маңызды жетістік.
Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, жеке инвесторлармен өзара тиімді ынтымақтастық аясында тағы 23 елді мекенге талшықты-оптикалық интернет тарту туралы меморандум жасалды. Бүгінде олардың ішінде Жайлау, Көксай, Азат, Химфарм, Ынтымақ-2, Қатын көпір, Орманшы, Қорғасын, Сайрам, Айнатас, Құлагер, Жасдәурен, Ақтас-2 және Мәртөбе елді мекендерінің тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қосылып отыр.
Қалған 10 елді мекеннің 8-інде — Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ-2, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Қаратөбе, Нұршуақ, Жиделі және Тұрлан — интернет желісін орнату қараша айында толық аяқталады деп жоспарланған. Ал Исфиджап пен Қайнарбұлақ елді мекендерінде монтаждау және техникалық баптау жұмыстары желтоқсан айында тәмамдалып, барлық тұрғындар интернет желісіне толық қосылады.
Бұл шаралар Шымкенттің «ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыруға, мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуін жеделдетуге және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Кең жолақты интернеттің қолжетімді болуы ауылдық аймақтар мен қаланың шеткері бөліктерінде онлайн-білім беруді, электронды коммерцияны және қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктерін дамытуға да мүмкіндік береді.
Нәтижесінде, Шымкент қаласының әр тұрғынына заманауи, тұрақты және жылдам интернетке қосылу мүмкіндігі жасалып, мегаполистің цифрлық даму деңгейі жаңа сапалық сатыға көтеріледі.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/hrIwC_E42JA?si=mztrveEgzmp5LIyM
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




