Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін күшейту және медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында жүйелі әрі мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасы медицина мамандарының кәсіби деңгейін үздіксіз жетілдіруді басты басымдық ретінде айқындап отыр. Бұл бастама – заманауи медициналық білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, қала тұрғындарына көрсетілетін қызметтің сапасын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған.
Бүгінде шымкенттік дәрігерлер әлемнің жетекші клиникалары мен оқу орталықтарында тәжірибе жинап, жаңа технологиялар мен инновациялық емдеу тәсілдерін меңгеруде. Заманауи симуляциялық орталықтар мен халықаралық серіктестік бағдарламалар аясында ұйымдастырылған оқыту курстары дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға зор мүмкіндік беріп отыр. Бұл – қаладағы медициналық мекемелердің жұмыс тиімділігін арттырып қана қоймай, саладағы кадр тапшылығын азайтуға да оң әсерін тигізуде.
2023 жылы осы мақсатқа 183,1 миллион теңге бөлініп, 48 дәрігер шетелде қайта даярлаудан өтті. Олардың ішінде Израиль мемлекетінде 16 маман, ал Түркияда 32 дәрігер тәжірибе алмасты. Оқу барысында олар заманауи хирургиялық әдістерді, цифрлық диагностика жүйелерін және пациенттерді оңалтудың тиімді тәсілдерін меңгерді.
2024 жылы бұл жұмыс ауқымы кеңейіп, 201,9 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Нәтижесінде 165 маман кәсіби деңгейін көтеріп, оның 45-і Ресей Федерациясының жетекші медициналық орталықтарында тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, Ресейден шақырылған жоғары санатты дәрігерлердің қатысуымен 120 жергілікті маман үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Мұндай тәжірибе алмасу – халықаралық стандарттар мен үздік практикаларды енгізудің тиімді тәсілі саналады.
2025 жылы аталған бағыттағы жұмыстар одан әрі қарқын алып, жалпы 381,9 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат есебінен 374 медицина қызметкерін оқыту жоспарланған. Олардың қатарында Ресейде – 19, Беларусь Республикасында – 2 және Литвада – 33 маман тағылымдамадан өтеді. Сонымен бірге, Ресейден 250, Беларусьтен 40 және Литвадан 30 жоғары білікті тәлімгер келіп, шымкенттік дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізеді.
Оқыту бағдарламаларының басты мақсаты – заманауи медициналық технологияларды игеру, диагностика мен емдеудің тиімді әдістерін меңгеру және халықаралық тәжірибені жергілікті жүйеге енгізу. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, өмір сүру ұзақтығы мен денсаулық деңгейінің жақсаруына ықпал етеді.
Медициналық кадрларды халықаралық деңгейде даярлау – Шымкенттің денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың маңызды бөлігі. Бұл бағыттағы тұрақты жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, медициналық қызмет сапасын жаңа белеске көтермек.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/hrIwC_E42JA?si=mztrveEgzmp5LIyM
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




