Шымкент қаласында тұрғындардың өмір сапасын арттыру және қалалық инфрақұрылымды заманауи деңгейге көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде қала көшелерін жарықтандыру жобасы – мегаполистің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, экологиялық және эстетикалық тартымдылығын арттырудың маңызды бөлігі болып саналады. Бұл бағытта қала әкімдігі мен Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып келеді.
2025 жыл – Шымкенттің көше жарықтандыру жүйесін жаңғыртуда ерекше маңызға ие кезең. Жыл басынан бері қала бойынша барлығы 1 758 көшеге 35 218 жарық шамы орнатылды. Бұл жұмыстардың көлемі әр аудан бойынша да қарқынды жүріп жатыр: Абай ауданында – 721 көше (12 787 жарық шам), Әл-Фараби ауданында – 72 көше (776 шам), Еңбекші ауданында – 239 көше (7 096 шам), Қаратау ауданында – 413 көше (10 253 шам), ал жаңадан дамып келе жатқан Тұран ауданында – 313 көше (4 306 жарық шам) жарықтандырылды.
Жоба тек шам орнатумен шектелмейді. Қалада орнатылып жатқан жарық желілері энергия үнемдейтін және ұзақ мерзімге арналған заманауи LED-технологиялар негізінде жасалған. Бұл электр қуатын 30-40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік беріп, экологиялық жүктемені азайтады. Сонымен қатар, жаңа шамдар автоматты басқару жүйесімен біріктіріліп, жарық деңгейін тәуліктің уақыты мен ауа райына қарай реттеуге жағдай жасайды.
Жыл соңына дейін қосымша 985 көшеге жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр. Осы жұмыстар толық аяқталған соң, 2025 жылдың соңына қарай Шымкент қаласы көшелерін 100 пайыз жарықтандырумен қамтамасыз ету көзделуде. Бұл – бұрын-соңды болмаған ауқымды жоба және қаланың барлық негізгі және ішкі магистральдық көшелерін қамтиды.
Барлық жарық шамдары орнатылып, пайдалануға берілгеннен кейін 2 743 көшедегі жарық желілерін күтіп ұстау және техникалық қызмет көрсету міндеті Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылым басқармасының теңгеріміне өткізіледі. Бұл өз кезегінде жүйелі мониторинг жүргізуге және ақаулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Аталған шаралар тек қала инфрақұрылымын жақсартумен шектелмей, тұрғындардың өмір қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, түнгі уақытта жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге, жарықтандырылған көшелер қаланың эстетикалық келбетін айшықтап, Шымкенттің түнгі бейнесін жаңа қырынан ашпақ.
Қаланың әр тұрғыны үшін жайлы және қауіпсіз орта құру – әкімдік пен коммуналдық қызметтердің басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын тауып, қала халқының өмір сапасын арттыруға өз үлесін қоспақ.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/hrIwC_E42JA?si=mztrveEgzmp5LIyM
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




