Вторник, 6 октября, 2026
7.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ЖОБАЛАР ІСКЕ АСУДА

Шымкент қаласында соңғы жылдары әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жаңа қарқын алды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен жүзеге асып жатқан жобалар — мегаполистің әлеуметтік саясатының басым бағытының бірі. Бұл бастамалар қоғамның ең осал топтарына қолдау көрсетіп, ерекше күтімді қажет ететін балалар мен қарт азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Бүгінде қалада ондаған әлеуметтік мекеме жаңартылып, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі артып отыр. Солардың бірі — 58 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Көп жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген нысан алғаш рет 1,3 миллиард теңге қаражат есебінен толық жаңғыртылды. Қайта жөндеу нәтижесінде ғимарат заманауи талаптарға сай бейімделіп, балалардың денсаулығын қалпына келтіруге және әлеуметтенуіне қолайлы орта қалыптасты.

Сонымен қатар, №5 «Аялы алақан» арнаулы орталығының аумағы да кеңейтіліп, демеушілердің көмегімен жаңа ойын және тынығу алаңы салынды. Енді мұнда ерекше күтімді қажет ететін балалар таза ауада серуендеп, психологиялық және физикалық дамуына сеп болатын шағын саябақта уақыт өткізе алады.

Қарттар мен зейнеткерлерге арналған әлеуметтік қызметтер де кеңейіп келеді. 2023 жылдан бастап жұмыс істей бастаған «Ізетті зейнеткер» орталығы бүгінде Бозарық шағынауданында жаңа ғимаратқа көшіп, 120 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда зейнеткерлерге медициналық көмек, емдік процедуралар, мәдени және сауықтыру шаралары ұсынылады. Орталықта төрт мезгіл тамақ беріледі, ал қызметкерлер егде жастағы азаматтардың жайлылығы мен белсенді өмір салтын сақтауына ерекше көңіл бөледі.

2024 жылы Нұрсәт шағынауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының жаңа бөлімшесі ашылды. Бұл мекеме зейнет жасындағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізуге, денсаулығын нығайтуға және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді. Мұнда түрлі үйірмелер, спорттық жаттығулар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылып, егде жастағы тұрғындар арасында коммуникация мен достық қарым-қатынасты нығайту көзделген.

Бұдан бөлек, ересек жастағы ерекше жандарға арналған №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында қосымша 50 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Құны 1,9 миллиард теңгеге бағаланған бұл нысанның құрылысы 2025 жылдың желтоқсанында толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Бозарық шағынауданында жалпы аумағы 5 гектар болатын 150 орындық заманауи оңалту орталығының құрылысы басталды. 13,8 миллиард теңге көлеміндегі жоба 2026 жылы пайдалануға беріліп, онда мүмкіндігі шектеулі жандар мен ауыр науқастан кейін оңалтуды қажет ететін тұрғындарға кешенді медициналық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Бұл жобалар – Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға бағытталған маңызды қадам. Қала билігінің басты мақсаты – әрбір азаматтың өз әлеуетін толық іске асыруына жағдай жасау және барлығына тең мүмкіндік беру.

Осылайша, Шымкент әлеуметтік даму мен адам капиталына инвестиция салу арқылы шынайы қамқорлық пен жауапкершілік қағидаттарына негізделген заманауи мегаполиске айналып келеді.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/hrIwC_E42JA?si=mztrveEgzmp5LIyM

#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар