Шымкент қаласында салауатты өмір салтын қалыптастыру, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында қолға алынған «Ішімдіксіз ауыл» жобасы нақты нәтижелерін көрсете бастады. Бұл бастама қоғамдағы тәртіпті нығайтуға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және жастарды зиянды әдеттерден алшақ ұстауға бағытталған.
Жоба аясында қала әкімдігі мен полиция департаменті тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Соның бірі – Жиделі елдімекенінде өткен кездесу. Мұнда жергілікті полиция қызметкерлері мен белсенді тұрғындар бірігіп, елдімекен дүкендерін аралап, спирттік ішімдік сатудың қоғам өміріне кері әсері туралы түсіндірме жұмыстарын өткізді. Әңгіме барысында тұрғындарға ішімдікке тәуелділіктің отбасылық жағдайға, жастар тәрбиесіне және қоғамдық тәртіпке тигізетін зияны егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Белсенді азаматтардың бастамасын қолдаған кәсіпкерлер өз еркімен жауапкершілік танытып, лицензиясы бола тұра ішімдік сатудан бас тартуға келісті. Бұл – қоғамға үлгі боларлық ізгі қадам. Мұндай шешім тек заңға бағыну емес, сонымен қатар өз елдімекенінің тыныштығы мен қауіпсіздігіне үлес қосу екенін дүкен иелері жақсы түсінетінін айтты.
Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл жоба тек бір ауылмен шектелмейді. Алдағы уақытта «Ішімдіксіз ауыл» тәжірибесі Шымкенттің басқа да елдімекендеріне енгізілмек. Мұндай бастамалар тұрғындардың денсаулығын сақтау мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері бірлесе отырып, жастар арасында спорттық және мәдени іс-шараларды жиі өткізуді жоспарлап отыр. Бұл шаралар жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, олардың салауатты өмірге бейімделуіне септігін тигізеді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбектің айтуынша, жобаның басты мақсаты – қоғамда ішімдіксіз өмір салтының үлгісін қалыптастыру, тұрғындар арасында өзара сенім мен сыйластықты арттыру. Оның айтуынша, «қоғамдық тәртіпті сақтау тек полицияның емес, әрбір азаматтың парызы».
«Ішімдіксіз ауыл» жобасы – тек құқық бұзушылықтың алдын алу шарасы ғана емес, ол халықтың рухани жаңғыруына, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететін әлеуметтік қозғалысқа айналып келеді.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/mP9jccfb70g?si=stxI4OA3bx20rutd
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




