Соңғы уақытта Шымкент қаласында интернет арқылы жасалатын алаяқтық деректері мен жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Өткен апта қорытындысы бойынша қала аумағында тергеу органдары 179 қылмыстық істі тіркеген, оның үшеуі сотқа жолданған. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар қатарында — алаяқтық (63 іс), ұрлық (44 іс), есірткі айналымына қатысты (11 іс) және жол-көлік оқиғаларына байланысты (9 іс) қылмыстар бар.
Алаяқтықтың басым бөлігі интернет кеңістігінде жасалған. Нақтырақ айтқанда, 16 жағдайда әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда тауар сату желеуімен алдау, 12 рет өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыру, 4 жағдайда жалған инвестициялық жоба ұсыну, тағы 4 рет басқа тұлғалар атына несие рәсімдеу әрекеттері тіркелген. Сондай-ақ коммуналдық қызмет өкілдері атынан хабарласу арқылы 6 азамат алданған.
Мысалы, бір тұрғын өзін салық қызметінің қызметкерімін деп таныстырған белгісіз азаматқа сеніп, нәтижесінде 600 мың теңгесінен айырылған. Бұл дерек құқық қорғау органдарының бақылауында.
Полиция қызметкерлері азаматтарға жеке банк карталары мен деректерін бөгде адамдарға бермеу жөнінде ескертуде. Себебі бір жағдайда тұрғын өзінің банктік картасын танысына уақытша пайдалануға берген, ал ол картаны есірткі сату желісінде есеп айырысу үшін қолданған. Мұндай әрекеттердің соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін.
Жол-көлік оқиғаларының жиілеуінің негізгі себептері де анықталды. Көп жағдайда жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы, көлік жүргізу кезінде телефон қолдануы, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі апатқа әкеліп отыр. Бұған қоса, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің скутер мен электрлі самокатты жол қозғалысы ережесін сақтамай жүргізуі де қаладағы апаттық жағдайларды көбейтіп жіберген.
Қазіргі таңда полиция департаменті жол қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздік саласында түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Арнайы патрульдік топтар күшейтілген тәртіпте қызмет атқарып, тәулік бойы бақылау жүргізіп отыр. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде және БАҚ беттерінде алаяқтықтың алдын алу бағытында ақпараттық роликтер мен ескертулер жариялануда.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды онлайн алаяқтардың айласына түсіп қалмауға, жеке деректерін құпия сақтауға, күмәнді хабарламалар мен сайттарға сенбеуге және кез келген күдікті жағдайды бірден полицияға хабарлауға шақырады. Сондай-ақ көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, балалардың және өз өмірлерінің қауіпсіздігіне бейжай қарамау қажеттігі ескертіледі.
Толығырақ ақпаратты мына сілтемеден көруге болады:
🔗 https://www.youtube.com/live/mP9jccfb70g?si=stxI4OA3bx20rutd
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




